Жазушы Бейсенбай Сүлейменов балалармен шеберлік сыныбын өткізді
ТҮРКІСТАН. 2 маусым. Кеше, 1 маусым күні Түркістан қаласында белгілі балалар жазушысы, Президент сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменов мектеп оқушылары арасында шеберлік сыныбын өткізді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Іс-шара Қазақстандағы биылғы «Балалар жылы» аясында, Халықаралық Балаларды қорғау жылы күніне орай ұйымдастырылды. «KaravanSaray Turkistan» кешенінде өткен бұл жиынға облыс аудандарынан жиналған жүздеген шәкірт қатысты.
Шеберлік сабағына келген мектеп оқушылары алдымен «Кітаптар жазы» көрмесін тамашалады.
Бұдан кейін жазушы Бейсенбай Сүлейменов осы үлкен аудиторияда оқушылармен шеберлік сыныбын өткізді. Оның барысында қарымды қаламгер өзінің шығармашылық жолының бастауы, ізденіске толы жылдарындағы өмірбаян соқпақтары, балалар әдебиетіне келуіне әсер етіп, ықпал жасаған жайттар, тақырып таңдаудағы қағидаттары турасында кең көлемде айтып беріп, туындыгер ретіндегі өзінің кейбір құпиялары мен жазу өнеріндегі алға қоятын ережелері жайында сөз қозғалды. Ол сонымен қатар сабақ кезінде балалар қойған сауалдарға жан-жақты жауап қайтарып отырды.
Соңынан Бейсендай Жолдасбекұлы өзінің осы кездесуге алып келген 500 дана жаңа кітабын сабаққа қатысқан балаларға тегін таратып берді. Көптеген жас оқырмандар өздеріне тиген кітапқа автордың қолтаңбасын жаздырып алды.
Іс-шараның мақсаты облыстағы шығармашыл балаларды, жаңа жазып үйреніп жүрген талапкер ақындар мен жазушыларды елімізге белгілі жазушы Бейсенбай Сүлейменовпен шығармашылық байланыс орнату арқылы оларды ынталандыру, қабілеттері жетілдіру және қоғамдық белсенділіктерін арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты кітап оқуға ынталандыра түсу болды.
Сөз соңында облыста осы күні «Turan-Balafest» онкүндігінің басталғанын айта кетейік. Оның бірінші күнінде балалар сондай-ақ «Заман» тобы мен Түркістан облысы өнерлі оқушыларының концертін тамашалап, қуыршақ театрының мерекелік қойылымын көрді. Қолданбалы өнер түрлері бойынша да шеберлік сыныбы болып өтті. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында тоғызқұмалақтан турнир өткізілді. Балалар үшін аквагрим ұйымдастырылды. Бұдан басқа, техникалық бағыттағы шығармашыл балалар үшін екі бірдей көрме кереге керді.
Балалар осы күні тегін балмұздақтар мен тәттілерге қарық болды.
Шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келіп қатысты.