Жетісайлық жас оқырмандар жазушы Бейсенбай Сүлейменовпен жүздесті
ЖЕТІСАЙ. 21 мамыр. Бүгін Түркістан облысының Жетісай қаласында белгілі балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов өзінің жас оқырмандарымен кездесті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Биылғы «Балалар жылы» аясында кереге керген шара Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ғимаратында өтті. Оны аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Концерттік бағдарлама форматында өткен кездесуге аудан мектептерінде 4-8 сыныптарда оқитын 600-ге жуық оқушы және мұғалімдер қатысты.
Кездесуде бірінші болып сөз алған Түркістан облысы адами әлуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Жандос Махамбетов жазушыны құттықтап, өскелең ұрпақтың игілігіне қызмет атқарып жатқанына шынайы ризашылығын білдірді.
«Қазіргідей цифрлық технология дамыған алмағайып заманда жастарды кітап оқуға баулу қиындап барады. Бұл өзекті мәселені шешу қажеттілігі күн санап артпаса кеміген жоқ. Оның бірден-бір әдісі – ұл-қыздарды туындыларға, жазушылардың өмірі мен шығармашылығына қызықтыру, – деді кездесуде сөз алған жазушы Бейсенбай Сүлейменов. – Біз үлкендер баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін, ең басты балаларға кітапты сүюге көмектесу керекпіз. Қазіргі балалардың көбінің қиялдары компьютерлік ойындарға ауып кетуіне қарамастан үлкендерде балаларға кітап әлемін сыйлау мүмкіндігіміз бар. Сондықтан балаларымыз жаһанданудың жетегінде кетпес үшін қазіргі заманға лайықтап кітап шығардым. Негізгі мақсатымыз өскелең ұрпақтың игілігіне қызмет көрсету».
Қаламгер өз сөзінде бүгінгі келісті кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Бұдан әрі ол жас оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беді.
Кездесу барысында жазушының туындылары мектеп оқушыларына тегін таратылды.
«Бүгінгі таңда еліміз бойынша 800-ден астам жазушылар болса, соның ішінде балалар жазушылары 10 пайызға жетпейді. Бүгінгі іс-шарамыздың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа кітаптың құдіретін ұғындыру, саналы және сапалы тәрбие бере отырып, кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Бейсенбай ағамыздың туындылары қазіргі балалардың тілімен жазылған, жеңіл оқылады. Жастайынан кітап пен дос болған бала өсе келе, еліміздің саналы адамы болып қалыптасады. Сондықтанда бүгінгідей келелі кездесулердің балаларға берер пайдасы зор», – деді аудан адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.
Іс-шара барысында көркемөнерпаздар үйірмесі әннен шашу шашып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.