Жазушы Бейсенбай Сүлейменов туындыларының байқауы өтті
ЖЕТІСАЙ. 20 мамыр. Бүгін Түркістан облысының Жетісай қаласында «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атты мектеп оқушыларының облыстық-аймақтық байқауы болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Биылғы «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған шара бұл жолы белгілі балалар жазушысы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменовтің шығармашылығына арналды. .
Шара Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының білім беруді дамыту орталығы мен Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің, аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің жылдық жоспарына сай өткізілді.
Байқауда облыстың Сарыағаш, Келес, Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы мектептердің 4-сынып оқушылары өзара сайысты.
Байқаудың шартына сәйкес қатысушылар жазушы шығармаларынан 3 бағыт бойынша тапсырмалар орындады.
Қазылар алқасы берілген өлшемдерге сәйкес бағалап, нағыз үздіктерді анықтады.
Нәтижесінде бас жүлдені Жетісай ауданындағы Н.Оңдасынов атындағы №14 жалпы орта мектептің оқушысы МеруертТөрегелді жеңіп алды. Бірінші орынға Мақтаарал ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Інжу Полат шықты. Екінші орынға Шардара ауданындағы Ж.Жабаев атындағы №2 жалпы орта мектептің оқушысы Айдын Оразбай мен Мақтаарал ауданындағы «Береке» жалпы орта мектебінің оқушысы Әдемі Құрал лайықты деп табылды. Ал үшінші орынға Сарыағаш ауданындағы №10 Қ.Сәтпаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Қуандық Ахат, Мақтаарал ауданындағы «Мырзакент» мектеп-гимназиясының оқушысы Кәусар Туробек және Келес ауданындағы №28 «Мақташы» жалпы орта мектебінің оқушысы Іңкәр Анарбай көтерілді.
Аталған шараға жазушы Бейсенбай Сүлейменов пен Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсынбай Мирзалиев қатысты. Олар байқауда сынға түскен балалардың өнерлеріне, шығармашылық жұмыстарына өз ризашылықтарын білдірді.
Жазушы Бейсенбай Сүлейменов бүгінгі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізілгенін айта келіп, ұйымдастырушыларға және қатысушыларға өз алғысын білдіріп, кітаптарын сыйға тартты.
Жетісай ауданы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхамеджан Спарханов демеушілік жасап, марапаттау рәсімінде жүлделі орын алған оқушыларға сыйлықтар тапсырды.
Аталмыш әдеби байқау жазушы Бейсенбай Сүлейменов оқыған «Мақталы» кеңшарындағы бұрынғы А.П. Чехов, қазіргі Кенесары хан атындағы №62 жалпы орта мектепте өтті.
Бұл әдеби шара енді жыл сайын өткізіліп тұратын болды.