«Пахтакор» қалай апатқа ұшырады?
Алматы. 1979 жылғы тамыздың 13-і. Күн дүйсенбі еді. Университетті бітірген жылым. Бірақ әлі жұмысқа тұра қоймағам, «Өнер» баспасынан шақырту күтіп жүргенмін. Кешкі сағат 5-тен өте тұрып жатқан жалдамалы үйімнен шығып, «Вечерняя Алма-Ата» газетін сатып алу үшін Абай және Ленин даңғылдары бұрышындағы киоскіге келдім. Ол кезде қалалық кешкі үнпарақтың қазақша нұсқасы жоқ-тын. Ұзын-шұбақ кезек келеңімен басылымды алып, былай шыға беріп, соңғы бетін қарай бастағанымда, көзім демде атыздай болып, иманым тас төбеме шықты. Себебі, онда «Пахтакор» командасының түгел ұшақ апатынан опат болып кеткені туралы шағын хабар жарияланған екен.
Көзімнен қалай жастың ытқып кеткенін сезбей қалдым. Мен, жалпы, «Қайратпен» бәсекеде ғана сырт беретінім болмаса, Өзбекстан байтағының жамағатына, – құрамында жергілікті ұлт өкілдерінің қарасы қашаннан айтарлықтай көп болып келетіндігінен, – ізгі ілтипатпен, қалтқысыз қызығушылықпен ерекше сүйсіне қараушы едім. Мұның үстіне, командада өзгеше ойын өрнегімен көрінген ойыншылардың қатары көп пәйттерде бізге қарағанда едәуір шоғырлы болатын. Бұл жолы да оның сапында көптен Одаққа танылып қалған хас шеберлермен бірге енді жетіліп келе жатқан жас таланттар баршылық еді…
Сөйтсек, кеңес авиациясы тарихындағы ең зор бұл әуе апаты екі тәулік уақыт алдын, 11 тамыз күні орын алыпты. Дүйсенбі күні Минскіде «Динамомен» кездесу үшін ұшып бара жатқан «Пахтакор» командасының негізгі құрамы ойыншылары отырған ұшақ өзіндей тағы бір жолаушылар лайнерімен украинның Днепродзержинск қаласының аспанында бетпе-бет келіп соқтығысқан. Ташкенттен Минскіге бағыт ұстаған бірінші лайнердің бортында «Пахтакордың» 14 футболшыдан, жаттықтырушыдан, бір-бір дәрігер мен әкімгерден, жалпы саны 17 мұңлықтан құралған құрамынан бөлек, тағы 60 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болған. Ал Челябіден Кишиневке ұшып бара жатқан келесі әуе кемесінде 88 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі отырған. Нәтижесінде екі ұшақтың күрсісіне жайғасқан 178 жолаушының, – араларында 36 бала бар, – бәрі бірі қалмай қаза тапқан. Бір тәуірі, команданың қосалқы құрамы содан бір күн бұрын ұшып кеткен екен. Сондықтан мына қанды қасаптан аман қалған. Мұның бәрін біз енді ғана естіп жатырмыз. Тіпті қаза тапқан тарландардың туған-туыстары да трагедия жайлы бір күн өткеннен кейін ғана хабардар етіліпті.
Кейін белгілі болғанындай, сенбі күні таңертең Ташкенттің аэропортына басқа да жолаушылармен бірге «Пахтакордың» Минскідегі матчқа қатысулары ықтимал негізгі құрамының ойыншылары жиналады. Футболшылардың бәрі ауа райының қабағына бағып, жеңіл киініп келген екен, шабуылшы Владимир Фёдоров қана ерекше қымтанып алыпты. Жолдастарының «Мұның не?» деген сұрағына ол әйелінің Минскіде күннің салқын екенін білдіріп, қалың киіндіріп жібергенін айтып жауап береді.
«Аэрофлот» компаниясының «Ту-154» ұшағы Мәскеу уақыты бойынша 11:30 сағатта Ташкенттен көк жүзіне көтеріліп, Гурьев-Донецк-Минск бағытына бет түзеді. Содан 20 минут кейін Орал тауларының бөктерінен Воронеж арқылы молдован баскентіне сапар сызған келесі ұшақ – «Ту-134» әуе жолына әуен қосты. Дәл сол мәурітте бұдан кейінгі оқиғаларға тікелей қатыстары болатын Харьковтегі әуежайдың басқару бекетінде Сергей Сергеев деген басқаратын диспетчерлер командасы кезекшілік атқарып жатыр екен. Оның қарамағында аға нұсқаушы Владимир Сумской және диспетчер Николай Жуковский деген жігіттер болыпты. Бұлардың соңғысының стажёр ретінде жұмысқа қабылданғанына небәрі 2,5 ай ғана толған. Осы рейстерді қадағалаудың неге сол жігітке тапсырылғаны әлі күнге дейін анықталған жоқ. Оның өзін бақылау жасау одан гөрі тәжірибесі баршылық Сумскойға жүктеліпті. Мұны неліктен Сергеевтің өзі атқармағаны да сол жұмбақ қалпында қалып тұр.
Ал жас диспетчер екі лайнерді бар-жоғы үш минуттық қана айырмашылықпен әуе жолының бір нүктесінен ұшып өтетін етіп белгілеп қойыпты. Шын мәнінде экипаждарға бұған 60 секундтан да аз уақыт беріледі. Екі ұшақ та бұл кезде 8400 метр биіктікте, сағатына 800 шақырымдық жылдамдықпен бір-біріне қарама-қарсы бағыт ұстап, заулап ағып келе жатады. Трагедияға бар болғаны екі минуттай уақыт қалған шақта Сумской стажёрдің есептерін бір тексеріп шығып, заматында құп-қу болып қалтырап сала береді. Сосын дереу басқару тізгінін қолға алып, экипаждардың біріне шұғыл жоғары көтерілуді тапсырады. Ана жақтан құптарлық жауап алғаннан кейін, «уһ» деп дем шығарып, отыра кетеді. Алайда, ол арада бірнеше минут өткеннен кейін «тапсырма қабылданды» деген сигналды берген 154-тің емес, 134-тің командирі екенін бір-ақ біледі…
Бұл кезде болатын оқиға болып қойған еді. Ұшақ Куриловка деген деревняның жанына құлайды. Ауыл адамдары сол күні үйлену тойында отыр екен. Аспаннан жауған ұшақ жаңқалары бұлар жайғасқан жерге жетеді. Қауесет бойынша, сол жерде отырған жұрт арасында жүректері жарылып өлгендер де кездесіпті.
Бірақ ұшақтардың бір-бірімен қандай жағдайда соқтығысқандары жөнінде нақты болжам жоқ. Әркім әртүрлі айтады. Соның ішінде екі версия көбірек ауызға алынады. Бұлардың біріншісі екі лайнердің бетпе-бет келіп түйіскендерін алға тартса, келесісі Челябіден келе жатқан ұшақ Ташкент лайнерінің артқы жағына қанатымен келіп соққан деген тұжырымға қазық байлайды. Екінші болжам пилоттар бір-біріне жақындап қалған сәттерін апатқа санаулы мезеттер қалған шақта көріп үлгерген, бірақ жалтарып кетуге еш мүмкіндік болмаған деген түсініктен туып отыр.
Екі лайнердің соқтығысқан уақыты 13:35 сағатта орын алды деп тіркелді. Дәл сол күні кешке Мәскеуде Ленин атындағы стадионында футболдан КСРО Кубогының финалдық матчы ойналған еді. Кездесудің соңғы жағында жанкүйерлер алаңдағы тартысқа оншалықты көңіл бөлмей, дүрлігісіп кетті. Бұған сол аралықта «Пахтакордың» әуе апатына ұшырап, толық құрамымен опат болғаны туралы қауесеттің стадион ішінде желдей есіп кеткені әсер етті. Сол бойда жел сөздің қау ете қалғаны сондай, «Лужники» спорт аренасында отырғандардың көпшілігі мұның Леонид Брежнев отырып бара жатқан ұшақтың әуедегі жолын тазарту үшін атып түсіруден туғанына сенімді болды. Бір болжам бойынша, сол кезде бас хатшы Брежнев, екінші версияда Украинаның бірінші хатшысы Қырымға қарай ұшып бара жатады, сондықтан сол аумақта 10 мың метр биіктікке дейін басқа ешбір лайнер жіберілмеген. Бірақ бұл болжамдар ақыры анықталмаған күйі қалып қойды.
Мұндай апаттардан кейін жиі анықталып жататынындай, бірі жолай кілтін ұмытып, үйіне қайтып барып, бірі машинасына әлдекім соғып кетіп, тағы бірін аэропортқа барар жолда жұмысқа шұғыл шақыртып, сапардан қалдырып, бірнеше жолаушының рейске үлгере алмаған оқиғалары бұл кезекте де орын алыпты. Біреулер әуежай ғимаратына енді келе бергенде, лайнер аспанға ендеп еніп бара жатқан екен. Сөйтіп, олардың бәрі туралап келгелі тұрған ажал аранынан кездейсоқ аман қалыпты. Ал «Пахтакордың» жағдайында бұдан басқашалау болған, онда керісінше аман қалуға тиісті футболшылардың өлімге өзі барып қойып кеткені байқалған. Айталық, соның алдында Ташкентте «Зарямен» өткен ойында жарақат алған жартылай қорғаушы Михаил Ан Минскіге барудан босатылған екен. Команданы сапарға шығарып салуға келген оны жолдастары тек матчты көріп қайту үшін ғана қоярда-қоймай өздерімен бірге ала кетіпті. Қосалқы құрамның 18 жасар мүшесі Сирожиддин Базаров бұдан бір күн бұрын өз әріптестерімен бірге белорус ордасына ұшып кетуге тиісті еді. Бірақ сол күні әкесі келіп қалып, бортқа жетіп үлгере алмапты. Сосын жексенбі күні өтетін ойынға негізгі құраммен барып, қатыспақшы болыпты.
Сонымен бірге, бұл сапарда болуға тиісті кісілердің онда бола алмай, апатқа ұрынбай қалған деректері де бар. Мысалы, команданың аға жаттықтырушысы (ол кезде бас жаттықтырушы солай аталады – С.П.) Олег Базилевич отбасы жағдайымен Минскіге ертерек, қосалқы құраммен бірге ұшып кетеді. Қақпашы Александр Яновский мен шабуылшы Төлеген Исақов жарақаттарына байланысты сапарға аттанбайды. Қорғаушы Анатолий Могильный ұшаққа кешігіп келеді. Аэропорттың түбінде тұратын массажист Анатолий Дворников бір күн бұрын туған күнін тойлап, таңертең ұйықтап қалады.
Ал Днепродзержинск түбінде күлге айналып кеткен «Пахтакор» командасының шаһиттері қатарында жаттықтырушы Изгай Тазетдинов, дәрігер Владимир Чумаков, әкімгер Мансур Талибджанов, ойыншылар Сергей Покатилов, Виктор Чуркин, Юрий Загуменных, Михаил Ан, Сирожиддин Базаров, Равиль Агишев, Константин Баканов, Алым Аширов, Николай Куликов, Владимир Федоров, Владимир Сабиров, Шухрат Ишбутаев, Владимир Макаров және Александр Корченов бар еді. Бұлардың арасындағы Виктор Чуркин Шымкент футбол мектебінің түлегі болатын.
Қаза тапқан спортшылар 17 тамыз күні Өзбекстан астанасындағы Боткин мазаратында жер қойнына берілді. Кеңес Одағының орталық бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиға туралы іс жүзінде көпке дейін жақ ашқан жоқ. Тіпті «Советский спорт» газетінің өзі бір аптадан кейін ғана команданың апатқа ұшырағаны туралы титтей ақпар беріп қоя салды. Алайда, футболшыларды соңғы сапарға шығарып салу жоғары деңгейде өткізілді. Оған Өзбекстанның жоғары партия басшыларының бәрі қатысты. Осыған арналған қаралы жиын Ташкент аэропортында өткізіліп, соңынан футболшылар денесі салынған табыттар қала көшелерімен алып өтілді.
КСРО Спорт комитеті осы аралықта жаңа команда жасақтап шығару мәселесін өте қысқа мерзім ішінде шұғыл шеше білді. Оның шақыруы бойынша командаға ЦСКА (Мәскеу), «Спартак» (Мәскеу), «Динамо» (Мәскеу), «Динамо» (Минск), «Локомотив» (Мәскеу), «Торпедо» (Кутаиси), «Черноморец» (Одесса), «Карпаты» (Львов), «Памир» (Душанбе), «Динамо» (Киров), «Металлург» (Тула), «Актюбинец» (Ақтөбе), «Нефтяник» (Ферғана), «Янгиер» (Янгиер), «Автомобилист» (Термез) командаларынан футболшылар келді. Сөйтіп, Минскіні қоспағанда, 17-19 тамыз күндері ойналған тағы бір турды ғана жіберіп алған «Пахтакор» небәрі апаттан 12 күн кейін өзінің мүлде жаңа құрамымен 23 тамызда Ереванда «Араратпен» кездесті. Оның сапында Яновский, Нечаев, Эннс, Бондарев, Ширин, Ким, Денисов, Глушаков, Церетели, Шаймарданов, К.Новиков (Карман, 65) алаңға шықты. Бұлардың арасында дарбазашыдан басқаларының бәрі шынында нұқыл бөтен ойыншылар еді. Матч 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ташкенттіктерден Валерий Глушаков 10-минутта ойынның есебін ашты.
Бұдан кейін «Пахтакор» 27 тамызда өз алаңында Тбилисидің «Динамосын» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесуде бірінші голды Давид Кипиани 9-минутта соғып, меймандарды алға шығарса, 13-минутта Ренат Файрузов таразы басын теңестірді, ал 65-минутта Владимир Нечаев өзбек командасына жеңіс алып берді. Ойынды көру үшін стадионға 50 мың жанкүйер жиналды. Осылайша «Пахтакор» өз дамуының жаңа даңғыл жолына түсті…
Екі ұшақ апатының себептерін анықтау тоғыз айға созылды. Оның қорытындысымен сот 29 жастағы Владимир Сумской мен 22 жасар Николай Жуковскийдің әрбірін 15 жылдан жалпы режимдегі колонияда отыру жазасына кесті. Ал олардың басшысы Сергей Сергеев сотқа тіпті куә ретінде де шақырылған жоқ. Мұның себебі әлі күнге дейін белгісіз. Осындай жаза арқалап кеткен Сумской алты жарым жылдан кейін жақсы мінез-құлқы үшін құлып астынан босап шықты. Бірақ Жуковскийдің тағдыры қайғылы аяқталды, ол колонияда өзін өзі асып өлтірді.
…Жасыратыны жоқ, бұл апат маған өте ауыр тиді. Оны көпке дейін жадымнан шығара алмай, қиналып жүрдім. Қазір де осы оқиғаны ойға алсам, жүрегім дір ете түсіп, денем түршігіп кетеді.
Содан бері тура 40 жыл өтті.
Мен сол «Пахтакорды» шынында жақсы көрдім.