Киев облысы: украиндар Припять үстін бақылауға алды
КИЕВ. 3 сәуір. Украина десантшыларының бөлімшесі Припять өзенінің белорус жерімен шегіндегі аумағын бақылауға алды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«3 сәуірде Украина Қарулы күштері десант-штурм әскерлерінің бөлімшесі Припять өзенінің Киев облысындағы Беларусь мемлекеттік шекарасына дейінгі бөлігін басып алып, аумаққа өзінің бақылауын орнатты», – делінген хабарламада.
«Жауынгерлік тапсырманы орындауды одан әрі жалғастырамыз! Бірге жеңіске жетейік! Украинаның даңқы арта берсін!», – деп жазылған одан әрі.
Бұдан бұрын, 31 наурызда РФ оккупациялық әскерлері Припять өзені жағасына орналасқан Чернобыль атом электр станциясындағы «шектеу аймағын» тастап шығуға мәжбүр болған. Ресейлік солдаттар кетер алдында ЧАЭС пен оның жанындағы отельді, – тіпті электр шәйнектер мен шанышқыларға дейін сыпырып алып, – тонап кеткен екен.
2 сәуірде украин солдаттары ЧАЭС ғимаратына өз елдерінің жалауын іліп, станцияға бақылау жасауды қолдарына алды.
Осымен бірге бүгін Херсонщинадағы Каховка қаласында оккупанттарға қарсы бейбіт шеруге шыққан тұрғындарға ресейліктердің оқ жаудырғаны да белгілі болып жатыр.
«Каховка. Инфо» telegram-каналы берген видеода жергілікті халықтың солдаттарға «Домой» деп айқайлап жатқандары, ал келесі кезекте автоматтан тізбектеліп оқ атылғаны естіледі. Содан кейін жүгіріп, қашып жатқан жұрт көрінеді.
Бұдан басқа, шулы гранаттар лақтырылғаны айтылады.
Алдын ала ақпар бойынша, тұрғындар арасында жарақат алып қалғандар бар.