Назарбаевтың жақындары заңсыз майнингпен де әшкере болды
АСТАНА. 15 наурыз. Қазақстанның экс президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев пен күйеу баласы есепті Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар заңсыз майнинг фермалары табылған. Бұл хабарды «Азаттық» радиосы хабарлады.
Қаржы мониторингі агенттікігінің хабарына қарағанда, заңсыз майнинг ферма құрғандар арасында белгілі бизнесмендер мен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің аты-жөні бар. Павлодар облысында Болат Назарбаев пен Александр Клебановқа (Парламент Мәжілісінің үш шақырылымына депутат болған Дарья Клебанованың күйеуі – ред.), Ақтөбе облысында Қайрат Шәріпбаевқа, Қарағанды облысында Ерлан Нығматулинге (Парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңары – ред.) қатысы бар заңсыз майнинг фермалар анықталған.
«Тексеріс барысында 55 майнинг ферма жұмысын өз еркімен толық тоқтатып, құрал-жабдықтарын алып тастады. Оның қайтадан іске қосуға жол берілмейді. 51 компания заңсыз жұмыс істеген. Олар электр қуатына заңсыз қосылған, арнайы экономикалық аймақтарға заңсыз орналасқан және салық пен кеден алымынан жалтарған. Олардың бәрі электр қуатынан ажыратылды», – деді Қаржы мониторингі агенттігі.
Агенттік мәліметінше, Қарағанды облысындағы майнинг компания «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағына орналасқан. Павлодар облысында жылыжаймен айналысатын екі компания өзіне тиесілі электр қуатын үшінші тұлғаға лицензиясыз сатқан.
«Заңсыз майнинг фермалардың біріне Forbes.kz тізімі бойынша Қазақстанда байлығы жөнінен 17-орында тұрған Қайрат Итемгеновтің қатысы бар. Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы төрағасы Тілеген Маткеновпен байланысы бар компаниялар да заңсыз майнингпен шұғылданған», – деді Қаржы мониторингі агенттігі.
Агенттік мәліметінше, майнингтің құрал-жабдықтары Оңтүстік Корея, Түркия, Грузия, Сингапур, Қытай елдерінен әкелінген. Кейбірі контрабандалық жолмен жеткізілген. Алматыдағы майнинг фермаларға Қытайдан 2,8 миллиард теңге тұратын мыңнан астам майнинг жабдығы заңсыз жолмен кіргізілген.
Тексеру нәтижесінде 25 қылмыстық іс қозғалып, құны 100 миллиард теңгеден асатын құрал-жабдық тәркіленген. Заңсыз майнингпен айналысатын фермаларды тексеру нәтижесінде Қазақстан тәулік бойы тұтынатын элект қуаты сағатына 600 Мегаваттқа түскені анықталды.
Қазақстанда кейінгі кездері электр қуатының тапшылығы туралы жиі сөз бола бастаған еді. Осыған байланысты атом электр станциясын салу жөнінде бастамалар көтерілген.