Ресей Зеленскийді өлтіруге «вагнершілерді» жіберген – The Times
КИЕВ. 28 ақпан. Ресей басшылығы Украина президенті Владимир Зеленскийді өлтіру үшін Киевке арнайы 400-ден астам «вагнершілерді» жіберген болып шықты. Бұл туралы британның The Times газеті хабарлады.
«Президент Путиннің жақын одақтастарының бірі – олигарх Евгений Пригожин басқаратын «Вагнер тобы» атты жеке әскери компания бұдан 5 апта алдын қомақты қаржылай бонусқа айырбас ретінде Зеленский үкіметін түгел өлтіру үшін Африкадан жалдамалыларды жіберді», – делінген хабарламада.
Қара құрлықтан кісі өлтірушілердің келе жатқаны жайындағы ақпар сенбі күні жетті. Киев бірнеше сағаттан кейін қаланы ресейлік диверсанттардан тазартып алу үшін 36 сағаттық қатаң комендант сағатын жариялады.
Осыған байланысты астана билігі жергілікті бейбіт тұрғындарға комендант сағаты кезінде көшеге шықпауды, олай болмаған күнде олардың Кремльдің тыңшылары ретінде қарастырылып, жойылып жіберілетіні ескертілді.