Әлия Назарбаева «Томирис» фильмі үшін 300 млн теңге алған
АСТАНА. 21 ақпан. Нұрсұлтанның қызы – Әлия Назарбаева өзі продюсерлік еткен «Томирис» фильміне жазған (?) сценариі үшін миллиондаған теңге қаламақы алған. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Басылым мұны журналист Михаил Козачковтың дерегіне сүйеніп баяндап отыр.
Журналист өз жазбасында «Қазақфильм» АҚ мен сценарий авторының арасында түзілген келісімшарттың көшірмесін де жариялады. Онда автор теледидарда таратудан түскен пайданың 60 пайызын, ел аумағындағы кинотеатрлардағы прокаттың 70 пайызын және Қазақстаннан тыс кинотеатрлардағы прокаттан түскен қаржының 40 пайызын алуға құқылы болатыны туралы көрсетілген.
«Киноның авторлық қаламақысы Әлия Назарбаеваға берілген… Мемлекет бұл кинотуындыға 3 миллиардтан астам теңге жұмсаған. Ал прокаттан түскен табыстың жартысынан көбін сценарий авторы алған. Прокаттан түскен ақшаның 70 пайызы… Мына құжаттарда шамамен 150 миллион теңге деп көрсетілген. Ал сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Райымқұлованың мәлімдеуінше, фильм 500 миллионнан астам теңге жинаған. Демек, бұл Әлия Назарбаеваның үлесі 300 миллионнан кем емес деген сөз», – деп жазды журналист.
Бұл болжам желі қолданушыларының қызу талқысына түсті.