Түрікменстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді
АШХАБАД. 12 ақпан. Түрікменстанда 12 наурызда кезектен тыс президент сайлауы өтетін болып белгіленді. Бұл туралы ТДХ хабарлады.
Бұған дейін, 11 ақпан күні Түрікменстан парламенті – Халк маслахатының кезектен тыс отырысы өткен еді. Онда елдің алдағы 30 жылдағы дамуының жоспарлары талқыланды. Оның барысында іс басындағы президент Гурбангулы Бердымухамедов өзінің «оңай емес» шешімге келгенін айтып, мемлекетті басқаруды «жас басшыларға» бергісі келетінін мәлімдеген болатын.
Бұдан әрі Түрікменстан басшысы форум барысында айтылған ұсыныстың қолдау тапқанын атап өтті. Осыған байланысты ол «Орталық сайлау комиссиясы төрағасына Конституция мен Түрікменстан заңнамасына сәйкес тиісті жұмысты бастауды» тапсырды.
Ол мемлекет басшысының ізбасары кім болатыны ашып айтқан жоқ, бірақ оның өз ұлы Сердар Бердымухамедов екені айқын көрініп тұр.
Наурыздың 12-сінде президент сайлауының өтетінін РИА «Новости» тілшісіне Орталық сайлау комиссиясы төрағасының көмекшісі Безирген Караев айтқан. Бірақ ОСК сайтында әзірге ондай ақпар жоқ.