Зеленский облыстардан қорғанысты күшейтуді талап етті
КИЕВ. 12 ақпан. Украина президенті Владимир Зеленский Киев пен бірқатар облыстарға территориялық қорғанысты күшейтуді тапсырды. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Мемлекет басшысы бұл жайында Харьковте өткен Украина президенті жанындағы Жергілікті және аймақтық билік конгресінің президиумы отырысында сөз қозғады. Ол соғыстың тұтанып кетуіне дайын тұру мақсатында Киев пен елдің басқа бірқатар облыстары басшыларынан территориялық қорғанысты күшейтуді талап етті. Олай болмаған жағдайда «кадрлық шешімдерге» жүгінетінін ескертті.
Облыстардың территориялық дайындығы турасында сөз еткенде, Зеленский Украина Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйға: «Сіз бүгінгі таңға, менің түсінгенім, Одесса, Донецк, Ровно, Львов, Киев облыстары мен Киев қаласының дайындықтары төмен екенін айттыңыз», – деді.
Бұған Залужный: «Бізде айтарлықтай өзгерістер жасалды, енді тек Киев, Мариуполь, Одесса, Ровно және Киев облысы ғана қалып тұр», – деп жауап қайтарды.
«Жағдай ауыр… Сондықтан да мен Валерий Федорович айтып кеткен облыстарға, облыстық мемлекеттік әкімшілік төрағаларына және сондай-ақ Киев қалалық мемлекеттік әкімшілігіне сөз арнағым келіп тұр… Қалай болса солай етіп емес, өздеріңіздің әскери басшыларыңызбен ақылдасып, кеңесіп отырып, ұлттық қарсылық туралы заңға сәйкес, жоспарлы түрде жұмыс жасап, екі аптаның ішінде бұл жұмыстарды аяқтап шығыңыздар», – деді ол.
Зеленский «саясат ойынын ойнап, іздеп, шешіп, айналысып отыратын уақыт жоқ» екенін атап өтті.
«Бұлай болмаған жағдайды кадрлық шешімдер шығарылады», – деп ескертті президент.