Оралда полиция бастығының орынбасары парамен ұсталды
ОРАЛ. 6 ақпан. Оралда полиция бастығының орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы «Уральская неделя» хабарлады.
Оқиға 4 ақпан күні болған. Ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік қызметі департаментінің қызметкерлері Орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Эдик Болатовты ұстаған. Оған 4 млн теңге көлемінде пара алды деген күдік таңылып отыр.
Сенімді ақпарат көздері полковник Болатовтың есірткіге байланысты қылмысты «жауып» жіберуге уәде беріп, осы қызметі үшін пара алғанын айтады. Оны ұстау үшін Астанадан арнайы команда келген.
Қалалық полиция бастығының орынбасары Эдик Болатов ішкі істер органдары саласында 1995 жылдан бері қызмет кетіп келеді. Ол Орал қаласына 2018 жылы көшіп келген. Әуелгіде өзіндік қауіпсіздік қызметі басқармасының бастығы болған, содан кейін есірткіге қарсы күрес жөніндегі басқарманы басқарған, ал соңынан Орал қалалық полициясы басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалған.