Жаңаөзен жұрты жалақыны көтеруді талап етіп жатыр (видео)
ЖАҢАӨЗЕН. 4 ақпан. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы «МАЭК-Казатомпром» ЖШС жұмысшылары екі күннен бері жалақыны көтеруді талап етіп шеруде тұр. Бұл туралы «Lada.kz» хабарлады.
Энергиялық комбинаттың жұмысшы-қызметкерлері айлық жалақыны көтеруге ықпал етуді сұрап, Президентке үндеу жолдады. Олардың айтулаынша, басшылық бұл талапты орындайтын емес.
Кәсіпорын жұмысшыларының сөзіне қарағанда, айлық жалақыны көтеру мәселесі биылғы қаңтар айында қозғалған. Алайда, екі жақ бір мәмілеге келе алмапты.
«Ресми мәліметтер бойынша, біздің аймақта орташа айлық жалақы 275 мың теңгені құрайды. Бірақ іс жүзінде біздің кәсіпорын жұмысшылары тек 140-160 мың теңгеден ғана айлық алады. Айлық жалақының индексациясы соңғы рет 2014 жылы жүргізілді, ал соңғы мәрте жалақы 2018 жылы көтерілді. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет бағалары аймақта ай сайын өсіп келеді. Сонда 160 мыңға күн көру мүмкін болмай бара жатыр», – деді кәсіпорын өкілдері жиында.