Назарбаевтың қызына қатысты компанияға 5 жылда $1,6 млрд төлем түскен
АСТАНА. 13 қаңтар. Бұрынғы президент Назарбаевтың кіші қызы Әлияға қатысы бар компанияға бес жылдың ішінде 1,6 млрд долларға жуық ақша түскені белгілі болды. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Экология, геология және табиғи ресурста министрі Серікқали Бірекешевтің мәлімдеуінше, 2016 жылдан қазіргі таңға дейін «РОП операторы» компаниясына көлікті пайдалану төлемі (утилизационный сбор) түрінде келіп түскен қаржының көлемі 691, 9 миллиард теңгені (қазіргі бағаммен $1,6 миллиардқа жуық) құрайды екен.
Ол 12 қаңтар күні алынған ақша қаражатының тиісті заңнамаға сәйкес жаратылатынын айтты.
«Атап айтқанда, отандық өндірушілерге бұрын олардың пайдалану төлемі түрінде төлеген 338, 9 миллиард теңгесі, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған 102 миллиард теңгесі, 49,1 миллиард теңге салығы қайтарылды. Бүгінгі таңға банктерде қалып тұрған қалдық қаржы 220,6 миллиард теңгені құрайды», – деді Бірекешев үкімет отырысында сәрсенбі күні.
Содан бір күн бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің отыз жыл бойғы басшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тікелей қатысы бар «РОП операторы» деп аталатын компанияның көліктерді пайдалану деген желеумен жинап алатын салығын сынға алған еді.
Компания 2015 жылдың соңында «өндірісшілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы» болып белгіленді. Осыған байланысты шыққан қаулыға сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қол қойды.
Осыған байланысты автомобиль егелері арасындағы белсенділер Қазақстан билігіне шығып, бұл негізсіз төлемді алып тастауды талай мәрте талап етті. Осыдан келіп, шетелдерден әкелінетін көліктер бағасы екі есеге дейін қымбаттап кетті. Жаңаөзенге бейбіт шеруге шыққандар да газдың бағасынан бөлек, осы мәселені де айрықша мұқтаждық етіп көтерді.
Министр Серікқали Бірекешев кешегі отырыста министрліктің жеке мемлекеттік оператор құру, пайдалану жиынының ставкасын қайта қарау, отандық көлік құралдарын сатып алушылар мен ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне пайдалану пайдалану жиыны есебінен ваучерлер беру жағын қарастырып жатқанын баяндады.
Серікқали Бірекешов сонымен бірге бұдан бұрын вице-премьер Роман Склярға депутат қойған сауалға жауап бере келіп, Қазақстанда күл-қоқысты жағатын жобаларды жүзеге асырып жатқан жеке меншіктегі алты зауыт келісімшартты қазір бұза салуға заңды негіз жоқ екенін айтты. Бұдан бұрын қоғам аталмыш жобалардың Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның есімімен байланысты екенін атап өткен еді.