Пандемияға қарсы іс-қимыл штабының мүшелері Сыр елінде болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 қазан. Пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық азаматтық штаб өкілдері екі күндік іссапармен Қызылорда облысында болып қайтты. Бұл туралы облыстық ішкі саясат департаментінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлады.
Делегация құрамында Премьер-Министр орынбасарының баспасөз хатшысы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев, пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық азаматтық штаб мүшелері Серік Беркамалов пен Мирас Аукенов болды.
Штаб өкілдері сапар аясында Сыр бойының зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде аймақ активі штаб өкілдеріне тұрғындарды толғандырып жүрген сұрақтары бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамында және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ұжымында вакцинация тақырыбы талқыланды.
«Елде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, халықтың 70-80 пайызын вакцинациялау нәтижесінде COVID-19-дан сырқаттанушылық пен өлім деңгейін азайту, мүмкін болатын әдеттегі өмірге қайтаруымыз қажет», – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ержан Байтанаев.
Ол өз сөзінде «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшелері өңірдің жасыл аймақта екеніне қарамастан алдағы уақытта күннің салқындауына байланысты тұмау, ЖРВИ ауруы өршу мүмкіндігіне орай сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттілігін баса айтты.
Брифинг барысында журналистердің көтерген сауалдарының ең негізгісі балаларға салынатын екпе жайы болды. Штаб мүшелері вакцинациялау ата-аналардың және заңды қорғаушылардың келісімімен жүргізілетінін, оның балаларымызды аурудан қалай сақтаймыз, вирустан қалай қорғанамыз деген көптеген ата-аналардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ержан Байтанаевтың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мақұлдаған «Pfizer» вакцинасы бойынша америкалық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Нәтижелі болса, үстіміздегі жылдың IV тоқсанында елімізге жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, іссапар мақсаты пандемиямен күрес барысында мемлекеттік органдардан бөлек азаматтық қоғам белсенділері мен түрлі мамандарды тарта отырып, насихат жұмыстарын жүргізуге арналды.