ТМД елдері Ойындары бокс турнирі жеңімпаздарын анықтады
ҚАЗАН. 6 қыркүйек. Кеше кешке Татарстанның астанасы – Қазан қаласында ТМД елдері жасөспірімдерінің I Ойындары шеңберінде бокс турнирі өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Соңынан аяқталған жасөспірім жігіттер турнирінде қазақстандықтар сапынан 66 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Мырзахан Мәуленов қана чемпион атанды. Одан басқа 11 боксшымыз жартылай финалда жарыс жолынан шығып қалып, қола медальді қанағат тұтты. Олардың санатында Жандарбек Ізбасаров (46 кг), Ислам Мәшкентаев (48 кг), Сұңғат Расулов (50 кг), Нұрислам Қалдыбаев (52 кг), Мадияр Отар (54 кг), Ерасыл Мұстафинов (57 кг), Ерсұлтан Төлеген (60 кг), Әділ Қасымов (63 кг), Әлинұр Әмірбеков (70 кг), Батырхан Сейтенов (75 кг), Нұрасыл Бауыржан (80 кг) бар. Ал аса ауыр салмақта (+80 кг) бізде медаль жоқ.
Жігіттер сайысында 8 алтын, 3 күміс медаль алған Ресей құрамасы бірінші орынға шықса, 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медалі бар Өзбекстан екінші орынға орналасты. Ал 1 алтын, 11 қола медальді Қазақстан үшінші сатыдан көрінді. Бұдан кейінгі орындарға Беларусь (0-3-2), Армения (0-3-1), Тәжікстан (0-1-0), Молдова (0-0-5), Қырғызстан (0-0-3), Әзербайжан (0-0-2) жайғасты.
Жасөспірім қыздар арасындағы финалдық жекпе-жектер бұдан алдын аяқталды.
Қазақстан құрамасы сапынан Анита Әдішева (48 кг), Виктория Байдукова (54 кг) және Ұлжан Сәрсенбек (60 кг) турнир жеңімпаздары атанды. Ал Томирис Мырзақұл (52 кг) мен Б. Сейдіш (70 кг) – күміс, Делфина Әбілхан (46 кг), Карина Тоқубай (50 кг), Аружан Жаңабаева (66 кг) және Назерке Рысбай (80 кг) қола медальдарға қол жеткізді.
Командалық есепте қоржынында 7 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль бар Ресей құрамасы бірінші орынға шықты. Бұдан кейін 3 алтын, 7 күміс және 4 қола медальді олжалаған Өзбекстан қыздары екінші болды. Қазақстан командасы 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медальдің еншісімен үшінші сатыға орналасты. Сол сияқты Әзербайжан командасы – 3, Беларусь жасағы – 2, Молдова жамағаты 1 қола медальге ие болды.