Әйгілі Құрбан Бердыев – «Қайраттың» бас жаттықтырушысы
АЛМАТЫ. 25 тамыз. Алматының «Қайрат» футбол командасына оның бір кездердегі белгілі жартылай қорғаушысы Құрбан Бердыев бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Бұл туралы «Спорт день за днем» басылымы хабарлады.
Ресей ресурсы жаңалықты «Аңыздың оралуы: Құрбан Бердыев «Қайраттың» бас жаттықтырушысы болды» деген бастақырыптың аясында жариялады.
«Бердыевке бұрын «Уфада» жаттықтырушы болып жұмыс істеген Дмитрий Кириченко көмектеседі. Тағайындауға дейін Бердыев «Қайраттың» бақылаушылар кеңесі төрағасының кеңесшісі лауазымында жұмыс істеген», – делінген хабарламада.
Мұның алдында Құрбан Бердыев Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы лауазымын алатын үміткерлердің қатарында болды. Бірақ соңғы сәтте Валерий Карпин таңдап алынды.
Бердыев бұған дейін екі рет «Қайрат» командасын басқарған болатын. Ол ұжымды 1991-1993 және 1994-1995 жылдары жаттықтырды. Ал жаттықтырушылық мансабын Жамбылдың «Химик» командасынан бастады.
Құрбан футболшы ретінде «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, КСРО чемпионатының жоғары және бірінші лигаларында ойнады. Содан кейін Қазақстанда тұрақтап қалды. Ол Ресейде жүрген кезде де отбасы Тараз қаласында тұрды, кейін Алматыға көшті.
Әзірге Бердыевтің биылғы маусымның соңына дейін қызмет ететіні белгілі. Содан кейін келісімшарт тағы екі жылға дейін созылуы мүмкін.
Енді rast.kz сайты дайындап жатқан Қазақстан футболы энциклопедиясындағы Құрбан Бердыев жөніндегі мағлұматпен таныс болыңыздар:
БЕРДЫЕВ Құрбан Бекиоглы (25.08.1952, Ашхабад қ., Түрікменстан). Азаматтығы: КСРО, Түрікменстан. Жартылай қорғаушы. КСРО спорт шебері (1980). Жаттықтырушы. Спорт функционері. Ашхабадтың «Строитель» командасы футбол мектебінің түлегі. Мына командаларда ойнады: «Строитель» Ашхабад (1971-1974, КСРО чемпионаттары бірінші лигасында 96 матч, 6 гол, КСРО Кубогы үшін 6 матч), «Колхозчи» Ашхабад (1976, 1978, КСРО чемпионаттары бірінші лигасында 76 матч, 13 гол, КСРО Кубогы үшін 2 матч), «Қайрат» Алматы (1977, 1981-1982, 1984-1985, КСРО чемпионаттары жоғары лигасында 120 матч, 20 гол, КСРО Кубогы үшін 13 матч, 2 гол, 1983, КСРО чемпионаты бірінші лигасында 39 матч, 13 гол, КСРО Кубогы үшін 2 матч, 1993, Қазақстан премьер-лигасы чемпионатында 1 матч), СКА Дондағы Ростов (1979-1980, КСРО чемпионаттары жоғары лигасында 35 матч, КСРО Кубогы үшін 9 матч, 1 гол). Сондай-ақ «Торпедо» Тольятти, Куйбышев обл, 1971, КСРО екінші лигасы), «Строитель» Ашхабад (1975, КСРО екінші лигасы) командаларында ойнаған. Ресей құрамасы сапында 1 ойын өткізген. 1991 жылы Мәскеудегі Жаттықтырушылар жоғары мектебін бітірген. «Химик» Жамбыл (1986-1989), «Генчлер бирлиги» Анкара, Түркия (1992-1994), «Қайрат» Алматы (1994-1995), «Мұнайшы» Ақтау (1996), «Ниса» Ашхабад (1998-1999), «Кристалл» Смоленск, Ресей (2000-2001), «Рубин» Қазан, Ресей (2001-2013, 2017-2019), «Ростов» Дондағы Ростов (2014-2016) командаларының, Түрікменстан құрамасының (1999) бас жаттықтырушысы, «Қайрат» Алматы (1991-1992) командасының жаттықтырушысы, «Рубин» Қазан (2004-2012), «Ростов» Дондағы Ростов (2016-2017) клубтарының вице-президенті, «Ростов» Дондағы Ростов (2016-2017) ұжымының тренер-консультанты болды. Жаттықтырушы ретінде Түрікменстан чемпионы (1998/1999), Түрікменстан Кубогының иегері (1998), Ресей чемпионы (2008, 2009), Ресей Суперкубогының иегері (2010, 2012), Ресей Кубогының иегері (2011/2012), Достастық чемпиондары Кубогының иегері (2010), Ресей чемпионатының күміс жүлдегері (2015/2016), Ресей чемпионатының қола жүлдегері (2003,2010). РФО версиясы бойынша Ресейдің үздік жаттықтырушысы (2009).