Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Турнирдегі ең нәтижелі ойынды нидерландтар мен украиндар көрсетті

АМСТЕРДАМ. 14 маусым. Футболдан Еуропа чемпионатында әзірге кеше түнде Нидерланд пен Украина арасында ойналған ойын барынша нәтижелі болып тұр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Кеше де чемпионатта әдеттегідей 3 ойын ойналды. Оның Лондонда көрініс берген Англия мен Хорватия арасындағы кездесуі барынша көңілсіз матчтардың бірі болды. Сондай сүреңсіз ұшырасу барысында бір гол салуға мүмкіндіктері келген алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұларға қарағанда, Бухаресте өткен Австрия мен Солтүстік Македония құрамалары арасындағы кездесуде айтарлықтай тартыс пен қызықты сәттер көбірек ұшырасты. Ақырында австриялықтар қарсыластарын 3:1 етіп тізе бүктірді.

Дегенмен, ең қызғылықты ойын Амстердамда алаң иелері – Нидерланд терме жамағаты мен Украина командасы арасында ойналған матч болды. Қаншалықты тартысты өткеніне қарамастан, кездесудің бірінші таймында есеп ашылмады. Бұған украиндар дарбазашысы Георгий Бущанның сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Ал екінші таймда бірден 5 гол соғылды.

Матчтың есебі 52-минутта ашылды. Оң қапталдан берілген допты Бущан алға қарай қайтарған кезде Джорджиньо Вейналдум оны қайтара теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Көп ұзамай алаң иелері Ваут Вегхорстың ұмтылысы арқасында есепті ұлғайтып та үлгерді.

Осымен голландиялықтардың жеңіске жететіндеріне ешкімнің күмәні қалмағандай болып тұрған. Бірақ украиндар олай ойламапты. Олар бар-жоғы 4 минуттың ішінде таразы басын теңестіріп кетті. Алдымен Андрей Ярмоленко айып алаңының сыртынан қақпаға доп бағыттап, оны тура тоғыздыққа топ еткізді. Ғажап гол!  Артынша айып алаңына қарай берілген айып соққы добына бәрінен бұрын жеткен Роман Яремчук баспен керемет ұрды. Екі гол да осылай ғажайып болып шықты.Әсіресе, Ярмоленконың салған добы әзірге турнирдегі ең әдемі гол болып тұр.

Алайда, ойын тағдырын Бущанның 85-минутта жіберіп алған жалғыз қателігі шешіп жіберді. Ол өзіне тура келген допқа тосқауыл бола алмай қалды. Сөйтіп, соңғы нүктені Дензел Дюмфрис қойып берді – 3:2!

Әйткенмен, бір нәрсеге разы болуымыз керек, осылай қапияда ұтылып қалса да, Андрей Шевченконың жігіттері Станислав Черчесов басқаратын Ресей құрамасының мұның алдындағы күні Бельгия командасымен кездесуінде көрсеткен ойынынан әлдеқайда жоғары деңгей көрсетті. Ойын өте қызықты да тартысты жағдайда өтті.

Бүгін чемпионатта бірінші турдың бірқатар ойындары ойналады.Бұл жолғы үш матчта Шотландия – Чехия (Глазго), Польша – Словакия (Санкт-Петербург), Испания – Швеция (Севилья) құрамалары бір-бірімен кездеседі.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button