Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының бірінші матчы ойналады

РИМ. 11 маусым. Бүгін Италия астанасы – Рим қаласында футболдан Еуропа чемпионатының бірінші матчы ойналып, құрлықтың кезекті доп додасы басталады.

Римнің әйгілі Олимпиялық стадионында «А» тобындағы Түркия және Италия құрамалары кездеседі.

Чемпионат фавориттерінің бірі болып саналып отырған Италия құрамасында «Романың» жартылай қорғаушысы Лоренцо Пеллегрини жарақатына байланысты алаңға шыға алмайды. Ал Түркия командасы сайысқа толық құрамында сақадай сай тұр.

Матч Астана уақыты бойынша сағат 01:00-де басталады. Кездесу «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көрсетіледі.

Ойынға нидерландтық арбитр Дани Макели қазылық жасайды.

Айта кету керек, бұл жолы Еуропа чемпионаты құрлық елдерінің бірнеше қаласында өткізіледі. Олардың арасында Римнен бөлек, Париж, Лондон, Санкт-Петербург, Глазго, Амстердам, Копенгаген, Бухарест, Баку, Севилья, Будапешт және Мюнхен қалалары бар.

Топтық іріктеу ойындары 24 маусымда аяқталады.

Содан кейін маусымның 26-сына плей-офф ойындары басталады.

Шілденің 5 және 6-сы күндері жартылай финал ойындарына кезек келеді.

Финалдық ойын 11 шілдеде ойналады.

Чемпионатта барлығы 51 матч өткізіледі. Бұлардың 36-сы топтық іріктеу ойындарына жатады.

Еске сала кетейік, бұл чемпионат 2020 жылы өтуге тиіс еді, бірақ күллі әлемде коронавирус індетінің өршіп кетуіне байланысты оның мерзімі белгісіз уақытқа кейінге шегерілген болатын.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button