Қазақстан бас прокуроры Қызылорда облысына іссапармен келді
ҚЫЗЫЛОРДА. 8 маусым. Қазақстан бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов бүгін жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Бұл туралы республика Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада сондай-ақ онымен бірге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың келгені де айтылады. Аталмыш ведомстволар басшылары жергілікті прокурорлар мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының жаңа іс жүргізу жағдайындағы өзара іс-қимыл тәртібімен танысты.
Қазақстан биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЕЭЫҰ елдерінің үлгісі бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшуді бастаған. Полиция дәлелдемелерді жинап, прокуратура оларға құқықтық баға береді, ал сот үкім шығаратын болады. Бұл тәсілдің артықшылығы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі болып табылады, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі күшейтіледі. Қазіргі таңда өзгерістердің бірінші кезеңі – прокурорлардың тергеу органдарының негізгі шешімдерін электрондық форматта келісуі іске асырылуда. Егер бұрын тергеуші азаматтарды қылмыстық шеңберге тарту мәселесін дербес шешсе, енді оның шешімдері прокурор келіскеннен кейін ғана күшіне енеді. Жаңа жағдайларда прокурор тергеу процесіне белсенді қатысады және заңсыз шешімдерге уақытылы ден қояды.
Жыл басынан бері елімізде прокурорлар 133 мың шешіммен келісіп, 1,5 мыңнан астам азаматты қылмыстық процеске негізсіз тартудың алдын алған.
Сапар барысында Ғизат Нұрдәулетов өңірдегі құқық қорғау және арнайы органдар басшыларымен қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Прокурорларға қылмыстық процесте қадағалауды күшейту және органдар басшыларымен бірлесіп, нақты өзара іс-қимылды жолға қою тапсырылды.
Іс шара қорытындысы бойынша басшыларға басқа да бірқатар тапсырмалар берілді.