Марадонаның өліміне 7 медицина қызметкері кінәлі деп танылды
БУЭНОС-АЙРЕС. 21 мамыр. Аргентинадағы Сан-Исидора қаласының бас прокуратурасы Диего Марадонаның қазасына байланысты жеті медицина қызметкеріне айып тақты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Тағылып отырған айыптар бойынша медиктерге 8 жылдан 25 жылға дейін түрмеде отыру қаупі төніп тұр. Ал айыптаулар «жанама себептермен адам өліміне жол беру» деген тіркеспен берілген.
Прокуратура есебінде Марадонаның денсаулығына бақылау жасаумен айналысқан медиктер бригадасының «соншалықты жауапсыздық танытып, пациенттің денсаулық жағдайын тағдырдың тәлкегіне тастап кеткені» айтылады.
Сан-Исидиро қаласының бас прокуратурасы судьяға іс фигуранттарының Аргентинадан сыртқа шығып кетулеріне тыйым салуды сұрады.
Әйгілі футболшы Диего Армандо Марадона өткен жылғы қараша айында 61 жасында өмірден өтті. Оның өліміне жүрекке ауа жетіспеушілігі себеп болды.
Марадона – 1986 жылғы әлем чемпионы. XX ғасырдағы ең үздік футболшылардың бірі. Ол кезінде Аргентинаның «Аргентина Хуниорс», «Бока Хуниорс», «Ньюэлли Олд Бойз» командаларынан бөлек, испанның «Барселона» және «Севилья», сондай-ақ итальянның «Наполи» клубтарында өнер көрсетті. Футболшылық мансабында барлығы 687 рет жасыл алаңға шығып, 363 гол соқты, соның ішінде Аргентина құрамасы сапында 113 ойын ойнап, 50 голдың авторы атанды.