Лотерея билетін жуып жіберіп, 26 млн доллардан қағылды
САКРАМЕНТО. 15 мамыр. АҚШ-тың Калифорния штатында тұратын әйел байқаусызда киіммен қоса лотерея билетін де жуып жіберіп, 26 млн долларлық ұтыстан айрылып қалды. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Штаттың Норуолк қаласында тұратын әйел бұдан жарты жыл бұрын үйінің жанындағы май құю стансаларының біріндегі дүкеннен SuperLotto Plus лотерея билетін сатып алған екен. Станция менеджерлерінің бірінің айтуынша, бейнебақылау камерасы дүкеннен ұтыс билетін сатып алған адамды түсіріп алған. Ал ол адам өздеріне бұрыннан таныс әйел болып шықты.
КПА телеарнасының дерегі бойынша, жақында сол әйел дүкенге келіп, көйлектің қалтасына салған билетті киіммен қосып жуып жібергенін айтқан. Сөйтіп, билет толығымен құрыған.
Ұтысты алу мерзімі өткен бейсенбіде аяқталған. Мұндай жағдайда ұтыстың 19,7 млн доллары Калифорнияның мемлекеттік мектептеріне беріледі.