WSJ Билл Гейтстің әйелімен ажырасу себебін ашып айтты
ВАШИНГТОН. 11 мамыр. Әлемге әйгілі Microsoft-ты құрушы Билл Гейтс пен әйелінің неге ажырасып жатқандары себебі белгілі болып қалды. Бұл туралы Wall Street Journal газеті хабарлады.
Басылымның анықтауынша, Мелинда Гейтс атақты миллиардер күйеуімен ажырасу үдерісін кемінде 2 жыл бұрын, 2019 жылы-ақ бастап кеткен екен. Газет тілшілері сенімді мәнбелер мен құжаттарға сүйене отырып осындай тұжырымға келген.
Сол уақыттан бері Мелинда ажырасу мәселесі турасында бірнеше заң фирмаларымен, адвокаттарымен ақылдасып көрген. Газет атап өткендей, ерлі-зайыптылар ажырасу себебін өздері ашып айтпаған. Алайда, кейбір мәнбелерге қарағанда, Мелинда басқалай түрткілермен бірге, күйеуінің бүгінде марқұм болып кеткен банкир Джеффри Эпстинмен байланысы болғанына қатты алаңдаған көрінеді. Ал Эпистейнге тірі кезінде сексуалды мақсатта пайдалану үшін кәмелетке толмаған жас қыздарды сатумен айналысты деген ауыр айып тағылған болатын.
Осыған орай Мелинда өзінің күйеуіне педофил деген күдік таңатын сияқты. Оның шынымен сондай екенін немесе еместігін алдағы уақыт көрсетеді. Не дегенде де, әйел өзінің 27 жыл отасқан жан жарынан бұрын көрмеген, күтпеген бір әрекеттер байқап, содан қатты шошынған жанның сыңайын танытып отыр.
Гейтс ханым 2019 жылы қазан айында БАҚ-тарда Гейтс пен Эпстиннің астыртын кездесіп тұрғандары жөнінде бірнеше есептік мақала жарияланғаннан кейін консульттантарымен ақылдаса бастапты. Бірақ 2019 жылы-ақ Гейтс мырзаның өкілі оның Эпистинмен қайырымдылық мақсатында кездескенін, осы үшін өзінің қазір қатты өкінетінін мәлімдеген еді.
Ал Билл және Мелинда Гейтстердің тікелей өкілі олардың ажырасу себебін айтудан бас тартты.
Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін Мелиндаға ненің тиесілі болатыны туралы ақпар да бұдан алдын тараған болатын.