КИЕВ. 27 мамыр. Бұдан екі күн алдын Беларусь демократиялық күштерінің лидері Светлана Тихановская Украинаға арнайы сапармен келіп, ел басшыларымен келіссөз жүргізді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Беларусь демократиялық қозғалысының көшбасшысы Украина сыртқы істер министрі Ондрий Сибигамен келіссөз үстеліне отырды. Тараптар өзін өзі сайлап алған Александр Лукашенка режиміне қарсы жүйелі диалог пен айғақтар жинау жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізуге келісім жасасты.
«Мәжбүрлі эмиграцияда Беларусь демократиялық оппозициясын басқарып отырған Светлана Тихановская алғаш рет Киевке ресми жұмыс сапарымен барды және 25 мамырда Украинаның Сыртқы істер министрі Ондрий Сибигамен келіссөздер жүргізді», – делінген «Неміс толқыны» радиосының хабарламасында.
Келіссөздер украин және белорус тілдерінде, аудармашының қатысуынсыз өтті. Соңынан «Біз бір-біріміздің сөздерімізді барынша толық түсіндік», деген Украина СІМ басшысы бұл фактінің символдық маңыздылығына зор мән берді.
Тихановскаяның Киевке бұл сапары Украина пен Беларусь арасындағы саяси байланыстардың 2022 жылғы ақпаннан кейін өзгергенінің ең маңызды белгілерінің бірі болды. Бұған дейін ресми Киев Беларусь территориясының Ресейдің жаппай шабуыл жасауына қатысты болуына орай бұл елдің оппозициясымен байланыс жасасудан бойын ұзақ уақыт аулақ ұстаған еді. Енді Украина билігі Беларусьтің демократиялық күштерімен жүйелі ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетті. Сибига тараптардың тұрақты саяси консультациялар, сондай-ақ гуманитарлық, ақпараттық, санкциялық және сараптамалық салалардағы ынтымақтастық туралы келіскенін баяндады. Сонымен қатар, Украина СІМ құрылымында Беларусь демократиялық күштерімен өзара әрекеттесуге жауапты арнайы өкіл тағайындалды.
Украина СІМ басшысы Киев белорустарды өз мемлекетінің болашағын өз бетінше анықтауға құқығы бар халық деп санайтынын да атап өтті.
«Украина Беларусьті және белорус халқын Ресей агрессиясына апарып таңған режимді біртіндеп шектейтін болады. Біз белорустардың бостандық, тәуелсіздік және өзін өзі билеу құқығын алатынына, өз мемлекетінің болашағын өздері айқындайтын болатынына сенеміз», – деп мәлімдеді Ондрий Сибига.
Оның айтуынша, Беларусьтің 90-нан астам азаматы «ортақ жау – империялық Ресейге» қарсы украиндармен қатар соғысып, қаза тапқан. Мыңға жуық белорус әлі күнге дейін өздерінің азаматтық ұстанымдары үшін түрмеде отыр.
«Мен үшін бұл соғыста Украина жеңе ме, жеңбей ме, деген сұрақ жоқ. Украинаның соғысты жалаулатып аяқтайтыны тек уақыттың еншісіне ғана келіп тіреліп тұр», – деді Беларусьтің халық сайлаған шынайы президенті.
Тихановскаяның өзі Киевке ресми сапармен келіп, алдымен Беларусьтегі 2020 жылғы наразылықтар кезінде алғаш рет жараланған және 24 жасында Украинадағы майдан шебінде қайтыс болған белорус қызы Мария Зайцеваның қабіріне барып қайтқанын айтты. Содан кейін белорус оппозициясының делегациясы Чернобыль атом электр станциясы мен Припять өзені өңіріне ат басын бұрды. Сол жерде Тихановская Украинаға ядролық қауіпсіздік жолында күрескені үшін алғыс білдіре тұрып: «Бұл жер өз халқына қамқорлық жасамаған биліктің сұмдық залалын көрсетеді», – деді.
Лидер сонымен бірге Беларусь қоғамының Украинамен толық ынтымақтастықта екенін растады. Ол украиндардың қазір өз шекараларын ғана емес, сонымен қатар көрші халықтардың империя диктатурасынсыз өмір сүру құқығын да қорғап жатқанын және Украинаның жеңісі автоматты түрде Беларусьтің өзін қанды шеңгелден босатып алуына жол ашатынын атап өтті.
Ресми Минскіні былай қойғанда, Мәскеудің өзі, әлбетте, Беларусь мемлекетінің заңды президенті Светлана Тихановскаяның Киевке келгені үшін іштеріне пышақ айналмай, аласұра буынып жатыр.
USD




