АСТАНА. 30 тамыз. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үй мәселесіне қатысты орынсыз пікірлердің ақырын буллингке айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, мұның соңы буллингке ұласып бара жатқанын айтты», – делінген хабарламада.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осы жағдайға қатысты ойын ортаға салды.
«Мәдениет және ақпарат министрі ретінде Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өткім келеді. Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді» деп жазды министр.
Министр түсінбеушілікке жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша мүмкіндігінше қажетті түсіндірме беруі тиіс екенін атап өтті.
«Сонымен қатар кәсіби журналист жұмысының басты өлшемдерінің бірі – журналистік әдепті сақтау. Қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау, елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистке жараспайды», – деп мәселенің түйінін айтты Аида Балаева.
Шынтуайтына келгенде, Қазақстан Республикасы «Масс-медиа туралы» Заңы 26-бабы 4-тармағына сәйкес, кәсіби әдеп нормаларын сақтау – журналистің міндеті. Мұндай талап әлемнің барлық еліндегі журналистерге қойылады.
«Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді.
Сондықтан барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға шақырамын», – деп туралап жазды Премьер-министрдің орынбасары.
USD




