Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыста 13 адам оққа ұшты
БІШКЕК. 30 сәуір. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында орын алған қақтығыс салдарынан қаза тапқан қырғыздар саны 13-ке жетті. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Бүгін жергілікті уақыт бойынша 07:50 минуттағы дерекке қарағанда, қырғыз-тәжік шекарасындағы инциденттің нәтижесінде жалпы 134 адамның зардап шеккені анықталды. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі таратқан бұл мәлімдемені шекара әскерлері бөлімі де растап отыр. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, бұлардың 13-і көз жұмған. Мұның бәрі – қырғыз тарапының құрбандықтары.
Сондай-ақ жапа шегушілердің 25-і Баткеннен арнайы бортпен Бішкекке жеткізіліп, Бішкек трамватология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына, Ұлттық хирургиялық орталыққа орналастырылған. Олардың екеуінің жағдайы өте ауыр, қалғандары орташа және салыстырмалы қанағаттанарлық дәрежеде көрінеді.