Полиция «L-Капитал» компаниясының егесін қамауға алды
АЛМАТЫ. 16 ақпан. Алматы қалалық полициясының қызметкерлері «L-Капитал» компаниясының негізін қалаушыны қамауға алды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген КТК хабарлады.
Алматы қаласы ПД тергеу басқармасының мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 59 жастағы И. деген азаматша ұсталған. Ол ҚР ҚІЖК 128-бабының тәртібімен уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
«Бұған дейін хабарланғандай, Алматы қаласында салымшылардың ұжымдық өтініштері бойынша ҚР ҚК 217-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Компанияның кеңселерінде санкцияланған тінту жүргізілді. Толық, объективті және жан-жақты қағидаттарды қатаң сақтай отырып жүргізілетін тергеу әрекеттерінің кешені барысында мән-жайлар анықталады, сондай-ақ процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде 50 адам өтуде. Бұған дейін Алматы полицейлері «L-Капитал» компаниясының зардап шеккен салымшылардың жанайқайдарына құлақ түрген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанның түрлі өңірлерінен бірнеше ондаған адам консалтингтік компанияның үстінен шағым жасады. Себебі, олар салымшыларға салым сомасынан жылына 30 пайызға дейін кіріс беруге уәде еткендерімен, оны орындамаған еді.