Түркістан облысында көкпар кезінде мылтық атылды
ТҮРКІСТАН. 16 ақпан. Түркістан облысында көкпарға қатысушылар отты қарудан оқ атып, елді дүрліктірді. Бұл туралы Astana.kz телеарнасына сілтеме жасаған Tengrinews.kz хабарлады.
Телеарна мәліметі бойынша, атыс полицейлер көрермендер тобы мен көкпаршыларды қуып, тарата бастаған кезде орын алған. Жұрттың бақытына қарай, одан ешкім зардап шекпеген. Мылтық аспанға қарата атылған. Оны полицейлер назарын аудару үшін бұзақылар әдейі жасаған. Сөйтіп, өздері көліктеріне мініп, қашып кеткен. Жедел қызметкерлер бірқатар уақыттан кейін оларды түгел ұстады.
Мылтық атқан төрт жігіт Қазығұрт ауданының тұрғындары болып шықты. Олардың машиналары салонынан бір шолақ мылтық пен 16-калибрдің патрондары табылды. Құқық қорғаушылар сосын бұзақылардың үйлеріне де тінту жүргізді. Үйлерден 2 травматикалық қару мен тіркелмеген аңшы мылтығы алынды.
«Жас жігіттер құлып астына алынды. Полицейлерге енді олардың облыс көлеміндегі басқа қылмыстарға қандай қатыстары бар екендерін анықтайтын болады. Сол сияқты отты қарулардың шыққан жерлері де тексеріледі», – деген анықтама берді Түркістан облысы полиция департаментіндегілер.