Қытайдан қашқан әйел лагерьдегі жағдай туралы айтты
НЬЮ-ЙОРК. 4 ақпан. Қытайдағы «қайта тәрбиелеу» лагерінен қашып шыққан ұйғыр әйел онда ұдайы ұрып-соғу мен зорлаудан көз ашпағандарын айтып берді. Бұл туралы BBC News қызметі хабарлады.
«Қытайдың ұйғырларға арналған «қайта тәрбиелеу лагері» дейтін жерлерінде болған әйелдер бейнебақылауы жоқ камераларда тұрақты түрде зорлау мен азаптауларды бастан кешкендері жайлы баяндады», – делінген хабарламада.
Сол әйелдердің бірі – 42 жастағы Турсунай Зиавудун сондай лагерьде тоғыз ай болған. Ол қамауда «еш уақытта жазылмас жара» алғанын айтты.
Әйел лагерьден босағаннан кейін елден қашып кетудің орайын тапқан. Қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Оның айтуынша, лагерь қызметкерлері түн сайын кейбір әйелдерді камерадан әкетіп, зорлап тұрған. Зорлаушы еркектер сол кезде беттеріне тұмылдырық киіп алады екен. Турсунайдың сөзіне қарағанда, өзі үш рет топ болып зорлаудың да тәлкегіне ұшыраған, сондай-ақ электрошокермен зорлауды да көріпті.
Әйел басынан өткен жағдайды БАҚ өкілдеріне бірден айтып бере алмағанын да мойындады. Себебі, елден қашып шыққаннан кейін әдепкі кезде бірқатар уақыт Қазақстанда тұрғанында, өзін қайтадан кері Шыңжаңға қайтарып жібере ме, деп қорқып жүрген.
Турсунай Зиавудун кейбір қыздардың камераға қайтып келмегенін де айтады. Оларға не болғаны белгісіз.
Көргендердің айтуларынша, Күнестегі лагерьде әйелдерді стерилизация жасау жүргізіліпті. Оларға түрлі медициналық препараттар егіп, эксперимент жасаған.
Зиавудун мен басқа бір топ қыз 2018 жылғы желтоқсанда лагерьден босап шыққан. Себебі, олардың Қазақстанда туыстары немесе күйеулері тұрған.
«Қытайдың мақсаты – ондағылардың бәрін құрту. Мұны бәрі біледі», – деді Зиавудун.