Қызылорда облысының әкімі Шиеліде әлеуметтік нысандар ашты
ШИЕЛІ. 26 желтоқсан. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бүгін жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыстық ішкі саясат департаментінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Аймақ басшысы алдымен «Тартоғай» елді мекенінің ауыз сумен қамту жүйелерін көріп, бас су қоймасының іске қосылу рәсіміне қатысты. Ауданда инженерлік, коммуналдық инфрақұрылым дамып келеді, жол сапасын жақсартудың кешенді шаралары қабылданған. Нәтижесінде елді мекенде 293 дана көру құдықтары орнатылып, қыстақішілік 28,38 шақырым, тұтынушы тұрғын үйлерге дейін 19,26 шақырым ауыз су құбырлары жүргізілген. Жаңа ауыз су нысаны құрылысының сметалық құны 401 млн теңгені құрайды. Облыс әкімі құрылыс жұмысын сапалы орындағаны үшін мердігер компанияға алғысын білдірді.
Мұнан кейін облыс әкімі Шиелі кентінің «Көкшоқы» шағын ауданында тұрғындарға 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсырды. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 176 млн теңге қаржы қаралып, бас мердігер «СМП-Қызылорда» ЖШС тарапынан құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілген. Құрылыстың жер көлемі 1,76 гектар, ал ғимараттың жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайды.
Игі шарада баспаналы болған 8 баланың анасы Марал Дастанова облыс әкіміне алғыс білдіріп, тебіреніске толы сәттерімен бөлісті. Қоныс тойын тойлаған тұрғындарға аудан ардагері Жақай Сақбаев бата беріп, ел игілігі жолындағы елеулі істерге ризашылығын білдірді.
Әкім сапары барысында қос жолды темір жол үстінен соғылған автомобиль көпірі құрылысының ашылу салтанатына қатысты. Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» учаскесіндегі автомобиль жолы көпірі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында салынған. Жобаға 673 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары іске асты. Құрылыс алаңына 75 маман тартылып, 18 техника жұмылдырылды. Көпірдің ұзындығы – 60 метр, ені – 11 метр, жолдың жалпы ұзындығы – 1,2 шақырым.
Облыс әкімі жаңа көпір аудан тұрғындарының алтын уақытын барынша үнемдейтін, тұрғындарды қуантатын маңызды нысан болатынын ерекше атап өтіп, тұрғындарды құттықтады.
Мұнан кейін аймақ басшысы Жаңатұрмыс ауылдық округіне барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында іске асқан тұрғын үйлерді газға қосу рәсімін көрді, елдің көптен күткен бастамалы іске сәттілік тіледі.
«Бүгін біз аудандағы тағы бір игілікті істің куәсі болғалы тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін жыл сайынғы есепті кездесуде ауыл халқының көтеріп жүрген ең басты мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Міне, бүгін сол мақсатқа қол жеткізіп, табиғи газды салтанатты түрде қосқалы тұрмыз. Құны 204 млн.теңге болатын бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша мыңнан аса ауыл тұрғындарының қуанышына орай 205 тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етіледі», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Шара барысында арнайы қондырғыдан газ алауы жағылып, «Жаңатұрмыс» халқының тұрғын үйлері газға қосылды. Өңір басшысы айрықша сәтте аудан тұрғыны Р.Мұстафаевтың тұрғын үйіне барып, газды пайдалану жұмысын көріп, отбасыға береке тіледі.
Айту керек, биыл аудан орталығы Шиелі кенті 100 пайыз газбен қамтылған. «Жақаев» елді мекенінде – 260, «Бидайкөл» елді мекенінде 210 жеке тұрғын үй газға қосылған. Алдағы уақытта «Н.Бекежанов», «Қодаманов», «Ақмая», «Алғабас» елді мекендерін газдандыру бойынша жұмыстар жалғасады.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковқа негізгі басым салалардағы ауқымды жұмыстарды жалғастыруды және халықтың саулығын сақтауға қажетті шараларды қарқынды іске асыруды тапсырды.