Гүлнара Каримова сотта жеңді. Енді ақшасын қайтаруы мүмкін
ТАШКЕНТ. 7 желтоқсан. Өзбекстан бірінші президентінің тұңғыш қызы Гүлнара Каримова Швейцарияда өткен сотта жеңіп шықты. Бұл туралы sof.uz хабарлады.
«Ўзбекистоннинг биринчи президентининг тўнғич қизи Гулнора Каримова Швейцарияда ўтган судда ғолиб бўлди. Эндиликда у банкда музлатилган қарийб 350 миллион долларлик активга эгалик қилиши мумкин», – делінген хабарламада.
Швейцария федеральды соты 3 желтоқсан күні Гүлнара Каримованың гибралтарлық Takilant Ltd компаниясының заңды бенефициары екенін растады. Ал Швейцария банктері 2018 жылы көтерілген қылмыстық іс негізінде осы компанияның есепшоттарын жауып тастаған болатын. Сонда Каримованың 350 млн доллары да қамауға түскен.
Алайда, Өзбекстанда Гүлнара Каримованың үстінен жалған құжаттар арқылы ақша қымқырды, қолдан ақша жасады, өзінің ізін жасыру үшін бірнеше компания құрды деген айып тағылған болатын. Өзбекстан Жоғарғы соты биылғы наурыз айында оны осы айыптаулармен 13 жылға бас бостандығынан айырды. Қазір ол жазасын өтеп жатыр.
Енді Швейцария сотының шешімі Каримованы заңды жағынан қорғайтын болады.
«Бұл Гүлнара Каримова үшін үлкен жеңіс, ол федералды соттың шешімі арқылы өзінің бар мүліктерін қайтара алады», – деп жазды оның адвокаты Грегуар Мангеат өзінің электронды хатында.