Ресей Футбол федерациясы Черчесовке қатысты шешім қабылдады
МӘСКЕУ. 19 қараша. Ресей Футбол федерациясы ел құрамасының Сербиядан жеңілуіне байланысты Станислав Черчесовке қатысты шешім қабылдады. Бұл туралы «Коммерсантъ» хабарлады.
Ресей құрамасының Ұлттар лигасында Сербиядан күйрей (0:5) жеңілуі Станислав Черчесов үшін өз мансабындағы ең ірі ұтылыс болып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы орынтағынан кетуі мүмкін екені туралы сөз қозғалуына жол ашып берді.
Черчесовтің қуылуы ықтимал екені жөніндегі әңгіме қаншалықты аңғалдық болып көрінгенімен, мұның тіпті де негізсіз емес екенін байқауға да себеп бар.
Мәселен:
– Ресей құрамасы соңғы 16 жылда бірінші рет осындай аса ірі жеңіліске душар болды. Ол тек 2004 жылы қазан айында тіркелген Португалиямен ойындағы жеңілістен (1:7) төмен түседі:
– Ресей құрамасы өзінің тарихында үшінші рет өз қақпасына бес гол жіберіп алып отыр;
– Ресей құрамасы бұған дейін Сербияны үш рет ұтып, екі рет тең ойнап, ешқашан одан жеңілген жоқ еді;
– Черчесовтің командасы өзінің жеңіссіз сериясын алты ойынға жеткізді, үш рет ұтылып, үш рет тең ойнады;
– Ресей құрамасы турнир кестесіндегі бірінші орнынан айырылып, екінші сатыға түсті, сөйтіп, Еуропаның үздік командалары топтасқан элиталы дивизионға өту мүмкіндігін жіберіп алды;
– Ресей құрамасы Сербиядан жеңілгеннен кейін ФИФА рейтингісінде төмен кетіп, 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу жеребесінде екінші кәрзеңкеден шығып қалды.
Ал Станислав Черчесовтің өзі матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында өте байсалды отырды, ол өзінің бұл үшін орнынан кетпейтініне сенімді көрінді. Ол отставкаға кетуі ықтималдылығы жөніндегі сұраққа: «Отставка ма? Бұл сұрақ маған қойылмауы керек. Біз турнирді жақсы бастадық, соңын нашар аяқтадық. Сербиямен ойын команданың тастүйін команда болуы керек екенін көрсетті. Ал бізде жаңа ойыншылар көп – шамасы, келе салып, бәрінің үйлесіп ойнап кетуі қиын соққан сияқты», – деп жауап берді.
Черчесов Дзюба турасындағы сауалға шамдана жауап қайтарды. «Неге бұл сұрақты қоя бересіздер? Біз оны жауап тастаған жоқпыз ба! Дзюбасыз бізде көп нәрсенің жетпейтіні рас. Бірақ біз енді оған қайта оралмаймыз. Оның командадан неге кеткенін бәріңіз білесіздер», – деді ол.
Енді, сайттың мәнбелері жеткізіп отырғандай, Ресей Футбол федерациясы (РФС) Ресей құрамасының Сербиядан ұтылып қалуына байланысты Черчесовтің болашағы жөнінде шешім қабылдап қойған. Құраманың Ұлттар лигасында бұлайша қирай жеңілуіне қарамастан, РФС басшылығы ұлттық құраманың қазіргі жетекшісі Станислав Саламович Черчесовтің отставкаға кету мүмкіндігі жайлы мәселені қарауды қарастырып отырған жоқ.