Ашхабадта алабайға ескерткіш қойылса, ауылдарда оны атып жатыр
АШХАБАД. 19 қараша. Ашхабадта президент Гурбангулы Бердымухамедов алабай итіне алтын жалатқан ескерткіш қойып жатса, елдегі түрікмендер оларды атып өлтіруге кірісті. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» хабарлады.
Мұндай жағдай алдымен Серхетабад (бұрынғы Кушка) қаласы мен оның ауылдарында орын алды. Мұнда өткен аптада иттерді ату науқаны басталып кетті. Жануарларды қуалап аулау тапа тал түсте,балалар мен жасөспірімдердің көз алдарында жүріп жатты. Қаладағы тротуарлар қанға бөкті. Сары желек киген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің қызметкерлері өлген иттерді сүйреп әкеп, көліктер қораптарына лақтырды.
Ит атқыштардың бұған құштар болатындай бір себебі – оларға әрбір өлексе үшін 22 манаттан ақы төленеді. Демек, неғұрам көбірек өлтірсең, ақшаны да соғұрам көптеу аласың.
Ал 10 қараша күні Ашхабадта ел президентінің қатысуымен алабай итіне ескерткіш ашылған еді. Алтын жалатылған мүсіннің биіктігі 6 метрге жетсе, оның табанындағы тұғырдың тұрқы 9 метрге теңесті.
Түрікмендер осылайша Бердымұхамедовтің былтыр баспадан шыққан «Түрікмен алабайы» деген кітабында ерекше атап өтіп, ұлт мақтанышы ретінде дәріптеген алабай иттерін өздері жаппай атып жатыр.