Қызылордада атом саласының үздіктері марапатталды
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 қазан. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Атом саласы қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесіне байланысты сала үздіктерін марапаттады. Бұл туралы облыстық әкімдік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
«Қазақстанның атом саласы экономиканың негізгі, стратегиялық маңызды және табысты салаларының бірі. Өңірімізде 4 уран өндіретін компания және 1 күкірт қышқылын шығаратын зауыт жұмыс жасайды. Оларда 2 500-ден аса адам еңбек етеді. Аймақ индустриясын дамытуда, уран өндіруде сіздердің үлестеріңіз зор. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде «Семізбай-U» ЖШС инженер-механигі Әбдіманап Өтеев, «РУ-6» ЖШС электромонтері Владимир Голощапов, «Байкен-U» ЖШС слесарь-электригі Анарбай Мырзатай және «Хорасан-U» ЖШС операторы Бақыт Арысбек «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Кездесу соңында сала ардагері Қайратбек Жолдыбаев аймақ басшысына көрсетілген құрметіне алғысын айтып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Еске сала кетейік, 2008 жылы 28 қыркүйекте президенттің Жарлығымен «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесі болып бекітілген еді.
Қазақстан уран өндіру көлемі бойынша әлемдік көшбасшы болса, өндірілген уранның барлық көлемінің 20 пайыздан астамы Қызылорда облысының үлесіне тиеді.
Бұрын уран өндіруші компаниялар күкірт қышқылын шетелден сатып алатын болса, қазір «СКЗ-Ю» компаниясының зауыты жыл сайын 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруде.