Қыз қызғаныштан жігіті үстіне бензин құйып, өртеп жіберді
ДУШАНБЕ. 21 қыркүйек. Тәжікстанның Вахдат қаласында тұратын 21 жастағы бойжеткен қызғаныштан сүйіктісінің үстіне бензин құйып, от тұтатып, өртеп жіберген. Бұл туралы AsiaPlus хабарлады.
Қайғылы оқиға биылғы 28 тамыз күні Вахдат қаласындағы Кофарнихон өзенінің жағасында орын алған. Алайда, бұл туралы ақпар өткен аптаның соңында ғана мағлұм етілді.
«Милиция қызметкерлері адам денсаулығына ауыр залал келтіруге күдікті ретінде Вахдат қаласында тұратын 21 жастағы қызды ұстады. Ол қызғаныштың ашуымег өзінің 25 жастағы жігітінің үстіне бензин құйып, от қойып жіберген», – деді ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Қызғанышқа не себеп болғаны және қыздың бұлан арғы әрекеті хабарланған жоқ.
Қазір жігіт ауыр халде ауруханада жатыр. Қызға қатысты тергеу амалдары басталып кетті.