Зеленский Лукашенкоға жаңа сайлау өткізуге кеңес берді
КИЕВ. 23 тамыз. Украина президенті Владимир Зеленский Александр Лукашенкоға бір айдан кейін қайтарма сайлау өткізу жөнінде кеңес берді. Бұл туралы Gordonua.kom хабарлады.
Владимир Зеленский «Мен оның орнында болсам, мұндай жағдайда жаңа сайлау өткізер едім. Сол кезде ешқандай қақтығыс та, қантөгіс те болмас еді», – деді ол.
Украина президенті 22 тамызда Euronews телеарнасына берген сұхбатында Беларусьте қазіргі күндері орын алып жатқан жағдайға да баға беріп өтті. Ол өз көршілері ел ішіндегі ахуалды қалыпқа келтіру үшін бірінші кезекте жаңа сайлау өткізуге кірісуі керек екенін баяндады.
Оның айтуынша, белорустарды қазір тек бір айдан кейін жаңа президент сайлауы өтетінін мәлімдеп қана тыныштандыруға болады. «Солай ет те, оған өзіңнің де кандидатураңды ұсын», – деді ол.
«Былайша талдап көрейік, мен өзіме сенімдімін, өзімнің халқыма сенімдімін дейік. Иә, мен – өз-өзіме сенімді адаммын. Ал мына жұртты қалай тыныштандыруға болады? Мен бір айдан кейін сайлау болатынын айтар едім. Мен және сол сайлауға қатысар едім. Кім қатысқысы келсе де, жіберер едім», – деді ол тағы.
Зеленский қайтарма сайлауға халықаралық бақылаушыларды көптеп шақыратынын да қалдырмады.
«Мен сонда Беларусь халқына «ал, қане, өздерің таңдаңдар» дер едім. Сайлауды барынша адал өткіземін. Содан кейін сайлау нәтижесіне ешкімнің күмәні болмайды. Мен бұған сенімдімін. Егер Александр Григорьевич жеңсе, – жеңді. Ал басқа біреу жеңіп кетсе, соны президент қою керек. Бірақ ол бәрін салиқалы, сабырлы, қантөгіссіз өткізу арқылы тарихқа жақсы атымен енер еді», – деді Украина президенті.
Беларусьте 4-8 тамыз аралығында президент сайлауына алдын ала дауыс беру болды. Ал 9 тамыз күні негізгі сайлау өтті. Президент орынтағы үшін бес үміткер дауысқа түсті. 14 тамызда Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының ақырғы қорытындысын жариялады. Ресми мәліметтер бойынша, сайлаушылардың 80,1 пайыз даусын алған іс басындағы президент Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Екінші орынды 10,1 пайыз дауыс жинаған оппозициялық кандидат Светлана Тихановская алды. Қалған үміткерлердің жинағандары 2 пайызға да жетпейді. Сонымен бір мезгілде баламалы экзит-пол бұған мүлдем қарама-қарсы көрсеткіш көрсетіп, сайлауда Тихановскаяның жинаған даусы 80 пайыздан асып кететінін дәлелдеп берді.
Беларусьте наразылық толқыны 9 тамыз күні түнде сайлау аяқталғаннан кейін үкімет белгіліген экзит-полдың алдын ала нәтижесі жарияланған бойда-ақ басталды. содан бері бір күн құр кеткен жоқ, кеше жұрт қатарынан 14-ші күн шеруге шықты.