Бүгін Беларусьте президент сайлауы өтіп жатыр
МИНСК. 9 тамыз. Бүгін таң азаннан бері белорус елінде президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл туралы Naviny.bu сайты хабарлады.
Бұған дейін, 4-8 тамыз аралығында елде алдын ала сайлау жүргізілді. 7 тамыз күннің кешіндегі мәлімет бойынша, оған жалпы сайлаушылардың 32,24 пайызы қатысқан. Оның нәтижесі енді бірнеше сағаттан кейін белгілі болады.
Сайлауда 5 үміткер президент орынтағы үшін дауысқа түсіп жатыр. Олардың арасында елді 26 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко да бар. Қалған кандидаттар – «Говори правду» қоғамдық қозғалысының тең төрағасы Андрей Дмитриев, төменгі палатаның депутаты Анна Конопацкая, «Грамада» социал-демократиялық партиясының төрағасы Сергей Черечень және үй шаруасындағы әйел Светлана Тихановская. Бұлардың арасында іс басындағы президенттің басты қарсыласы Светлана Тихановская болатыны да белгілі болып қалды.
Сайлауда бірден жеңіске жету үшін үміткер дауыс бьерушілердің тең жартысынан сәл астамының қолдауына ие болса, жетіп жатыр. Олай болмаған күнде алғашқы екі көп дауыс жинаған кандидаттар келесі кезеңге өтіп, тағы да дауыс алудан таласқа түседі.
Сонымен бірге, бақылаушылар билік тарапынан сайлау комиссияларына қатты қысым мен бақылау болып тұрғанын да айтып жатыр.