Улан-Удэде Бурятия гимні қазақ тілінде де шырқалды
УЛАН-УДЭ. 1 маусым. Бұдан екі күн бұрын, 30 мамырда Ресей Федерациясының Бурятия автономиясы байтағында өткен Республика күнінде қазақ тілінің де үні естілді. Бұл туралы «Национальный акцент» порталы хабарлады.
Бурятия Республикасының күнінде Бурятия гимні 15 тілде шырқалды.
Улан-Удэ мэриясының Instagram-дағы ресми парақшасында шараға қаланың ұлттық-мәдени автономиялар өкілдері, сондай-ақ Бурят мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері қатысқандары атап көрсетілген.
Жиында ұлттық-мәдени автономиялар мүшелері орыс, бурят, әзербайжан, армян, өзбек, неміс, қазақ, моңғол, қырғыз, ханьзу, татар, тува тілдерінде, ал БМУ өкілдері ағылшын, француз және жапон тілдерінде шырқаған.
Бурятия Республикасының күнін 2017 жылы Бурятия Республикасы Халық хуралының депутаттары заңды негізде 30 мамыр етіп бекітті. 1923 жылы дәл осы күні Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті президиумының қаулысымен Бурят-моңғол автономиялық кеңестік социалистік республикасы құрылған болатын.