Қызылорда облысының әкімі Шиелі ауданында болды
ШИЕЛІ. 28 мамыр. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кеше жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болд. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Аймақ басшысы сапары кезінде ауданның бірқатар ауылдарын аралап, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Шиелі ауданына бұл бағытқа 21 млрд теңгеден астам ақша бөлініпті. Оның шеңберінде қазір 21 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осының ыңғайында ауданда 681 жұмыс орны ашылатынын белгілі болды.
Гүлшара Әбдіқалықова алдымен Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты «1 мамыр» елді мекеніне аялдап, аталмыш бағдарламаның орындалу барысын тексерді. Мұнда ауылды абаттандыру мен ауыз су жүйесін жөндеу үшін 58 млн теңге қарастырылыпты. Бұған қоса, «Самара-Шымкент-Тартоғай» жолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі аталған жұмыстарды сапалы атқарып, дер кезінде пайдалануға беруді тапсырды.
Аймақ басшысы бұдан кейін «Жөлек» ауылына ат басын бұрды. Осы жерде ол елді мекеннің кіреберісіндегі көпірдің күрделі жөнделу барысын көрді.
Келесі кезекте аудан орталығына жетіп, жолдардың жөнделу деңгейін көріп шыққан әкім бөлінген қаржыны мұқият өз мақсатына жұмсауды тапсырды. Ол Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде болып, даңқты диқанның кесенесінде оның рухына тағзым етті.
Шиелі кентіндегі Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп лицейіне мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, жаңа оқу жылына дейін аяқтауды міндеттеді.
Осыдан кейін Гүлшара Әбдіқалықова ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысына арналған мәжіліс өткізді.
Жиында аудан әкімі Қамбар Мүбәраков атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап берді. Оның есебін тыңдаған аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық саладағы көрсеткіштерді арттыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Облыс әкімі мәжілістен соң Шиелі кентіндегі жылыжайдың, «РУ-6» кен басқармасының «Қарамұрын» цехының, «Ару ана» шұбат цехының, «Кемикал қазақстандық мұнай-химия компаниясы» ЖШС-нің пластмасса құбырларын шығару зауытының, «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің цемент зауытының жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімі аудан әкіміне: «Біз кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап келеміз. Мәселен, биылға «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасын аймақта іске асыруға 3,4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Яғни, жылдан жылға бөлінетін қаржы еселеп артып келеді. Кәсіпкерлік саласын дамытуға мүмкіндік берілуде, тек жұмыс жасау керек. Мұнымен қоса, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуын қолға алыңыздар. Бұл бағдарлама ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында іске асырылуда. Халықты күнделікті тұтынатын тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс жүзеге асуын қадағалаңыздар», – деді.
Аймақ басшысы сонымен қатар Шиелі кентіндегі үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысын, «Ақмая» ауылындағы егіс алқабында ауданның дала жұмыстарын көрді.
Гүлшара Әбдіқалықова мұның алдында Жалағаш және Сырдария аудандарында жұмыс сапарымен болып қайтқан еді.