АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Сексеуілдегі мектеп құрылысы осы айда басталады

АРАЛ. 14 мамыр. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сексеуіл кентінде жаңадан салынатын 300 орындық мектеп үйінің құрылысы осы айда басталатынын айтты. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz хабарлады.

Аймақ басшысы мұны бүгін Арал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында салынғалы тұрған мектептің орнымен танысқан кезінде мәлімдеді.

«Бұл – Президент Тоқаевтың тапсырмасы, – деді облыс әкімі. – Қасым-Жомарт Кемелұлы Сексеуіл стансасындағы мектепке жету үшін темір жолдан өтуге мәжбүр балалардың мәселесін шешуді тапсырды. Өзекті мәселе болғандықтан, Үкімет осыған байланысты нақты шара қабылдады. Жаңа оқу жылында оқушылар замануи мектепте білім алуға тиіс. Тиісті қаржысы бөлінді. Енді тек жұмыс жасау қажет».

Қазіргі таңда Сексеуіл кентінде 15 мыңға жуық халық тұрады. Кент орталығынан үлкен темір жол торабы өтеді. Елді мекендегі 3 мектеп темір жолдың бір бетіне орналасқандықтан екінші бетінде тұратын 360 оқушы шойын жолдан өтуге мәжбүр болып келеді.

Бұл мәселені шешу үшін жаңа білім ұясын салуға тиісті құжаттар әзірленіп, Білім және ғылым министрлігіне тапсырылып, қолдау тапты. Енді мамыр айында білім ошағының құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Гүлшара Наушақызы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды межеленген мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button