Тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы беріледі
ТҮРКІСТАН. 6 мамыр. Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су басып қалған ауылдардың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленеді. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Бүгін жергілікті жердегі жағдаймен танысу үшін Мақтаарал ауданына Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр келіп, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан «Нұрлы жол», «Өргебас», «Фердоуси» ауылдарын аралады. Олар ауылдар ақсақалдарымен сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Соңынан мемлекеттік комиссия мүшелері Мырзакент кентінде жиын өткізді.
Басқосуда Түркістан облысы әкімі Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу жөнінже ұсыныс білдірді. Мұны қолдаған Премьер-министрдің орынбасары тиісті министрлікке тапсырма берді.
Бұдан кейін Өмірзақ Шөкеев «Жеңіс», «Жаңа тұрмыс», «Достық ауылдарының толықө көшірілетінін мәлімдеді. Ол үшін Мырзакент кентінің жанынан 500 тұрғын үй салуға 50 га жер белгіленген.. Әр тұрғын үйдің шаршы метрі 100 метрді құрайтын болады.
Соғылатын жаңа үйлерге орталықтандырылған су және газ тартылып, электр жарығы мен байланыс желісі тартылып, жолдар салынады. Әлеуметтік нысандар бой көтереді.
Сол жерде аймақ башсымы «Фердоуси» және «Өргебас» ауылдарының тұрғындарына 3 түрлі ұсыныс айтты. Бірінші – өзге елдімекеннен жаңа шағы аудан салып, сол жаққа көшу; Екінші – суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру; Үшінші – әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған тек қаражатын аудару. Осы үш ұсыныстың қайсысын таңдау тұрғындардың өз еріктеріне берілді.
Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығынын Үкімет төлеп береді. Олардың несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылыми зерттеу институттарымен бірге су астында қалған жерді қалпына келтіріп, биыл не егуге болатынын зерттейді.
Ал жоғалған малдың шығыны Төтенше жағдай жөніндегі штаб жанынан құрылған комиссияның шешімі бойынша өтеледі.
Бір атап өтетін жайт, Өзбекстан президентінің тапсырмасымен Мақтаарал ауданына тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін төтенше жағдай қызметінің 205 маманы 100-ден аса техникамен келді.