Михалков: «Адам біткенге чип тағу деген не сұмдық!»
МӘСКЕУ. 3 мамыр. Ресейлік белгілі кинорежиссер Никита Михалков планета адамдарын түгел чиптендіруге үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Ол бұл ойын «Бесогон ТВ»-дағы авторлық бағдарламасының эфирінде айтты.
Михалковтың пікірінше, мұндай идея миллиардер және филантроп Билл Гейтстен шығып отыр. «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы планетаның барлық адамдарына чип тағып қойып, оларды ұдайы бақылауда ұстап отыруды көздейді. Осылайша әлемдік апокалипсис жасамақшы.
«Олардың жалпы мақсаты – адамзаттың санын азайту, себебі, енді жыл ұзаған сайын оттегі мен тамақты пайдаланып, қажет ететіндердің қатары көбейе береді. Сол үшін жасап жатыр», – деді ол.
Режиссер енді егудің орнына компания адамзатты чиптендіруден өтикізбекші болып отыр. «Чип адамның денесіне сіңіріледі, ол оның күнделікті белсенділігін бақылап тұратын органға айналады», – деді ол.
Михалков бұған айғақ ретінде «Microsoft Technology Licensing, LLC» компаниясының «WO/2020/060606» нөмірін алған әлдеқандай бір патентін көрсетті. Режиссер патент нөмірінің «Тәуратта» айтылатын «аң санына» ұқсас екенін атап өтті. «Осының өзі-ақ адамды алаңдатады, ал цифр көрсеткіші – 060606», – деді ол тағы.