МӘСКЕУ. 27 қараша. РФ Мемлекеттік думасында «орыс әлемінің күйреуі» және соңғы онжылдықтарда орыс тілінде сөйлейтін адамдардың 80 миллионға азайып кеткені айтылды. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Ресей соңғы онжылдықтарда «орыс әлемінің күйреуіне» тап болды», деп мәлімдеді Мемлекеттік думадағы ЛДПР фракциясының жетекшісі Леонид Слуцкий. Оның айтуынша, 1980–1990 жылдардың тоғысында әлемде 350 млн адам орыс тілінде сөйлесе, қазір бар-жоғы 270 млн адам сөйлейді. «Тарихи тұрғыдан алғанда мардымсыз кезең – 30 жылдан сәл астам уақыт ішінде 80 миллионнан астам адамға азайдық. Өкінішке қарай, біз орыс әлемінің күйреуі туралы айтуға толық құқылымыз», – деді Слуцкий XXVIII Дүниежүзілік орыс халық соборында.
Депутат шетелде «жүздеген және мыңдаған» орыс мектептері жабылғанын, ал «отандастарымыз ең көп шоғырланған» Германия, Израиль және АҚШ сияқты елдерде балалар «тек үйде ата-аналары үшін шала-шарпы орысша» сөйлейтінін атап өтті. ЛДПР көшбасшысы «Ресей азаматтығын алу үшін 30 жылдан астам уақыт кезекте тұрған адамдарды елге қайтаруға», бірақ 2000 жылдардың басындағы қоныс аудару мемлекеттік бағдарламасының тәжірибесін қайталамауға шақырды.
Депутат «орыс әлемінің» құлауына жол бермей, оның «қайтадан өсуін жалғастыруы» үшін «біздің ұрпақтың иығына үлкен жауапкершілік жүктелгенін» баса айтты. Ол үшін, оның сөзінше, «орыс тілін орыс әлемінің біріктіруші негізі ретінде күн сайын және ай сайын қайта жаңғыртып, қолдап отыру қажет».
Бұған дейін Слуцкий «күйреу» туралы он жылдан астам уақыт бұрын – 2015 жылы да айтқан болатын. Ол кезде шетелде орыс тілін ілгерілетуге, соның ішінде «Россотрудничество» арқылы мемлекеттік қолдауды арттыруға шақырып, Мәскеудің бұрынғы КСРО республикаларының қарыздарын кешіріп жатқанына шағымданған еді, өйткені ол қаражат «орыс әлемін» ілгерілетуге жұмсалуы мүмкін болатын.
Владимир Путин 2000 жылы билікке келгеннен кейін әлемде орыс тіліне деген қызығушылықты қайтару қажеттігін үнемі мәлімдей бастады, ал Украинаға басып кіруге үш апта қалғанда «орыс әлемін нығайтуды» Ресейдің миссияларының бірі деп атады. Биылғы қарашада Путин Қытайда орыс тіліне деген қызығушылықтың артқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ҚХР-да бұл тіл 200-ден астам жоғары оқу орнында, сондай-ақ 125 мектепте оқытылады.
Енді посткеңестік елдердегі ахуалға келейік. РФ сыртқы істер министрлігі мен «Россотрудничества» түзген статистикалық мәліметтер бізге мынадан кескін ұсынады: Беларусьте 2700 таза орыс тілді мектеп бар (бұл елдегі мектептердің басым бөлігі орыс тілінде), Өзбекстанда – 1000 (орыс-өзбек аралас мектептерін қосқанда), Қазақстан – 970 (таза орыс тілді мектептер, аралас мектептерді қоспағанда), Қырғызстанда – 750 (бұлардың үштен бірі таза орыс тілінде), Әзербайжанда – 340 (жеке мектептерді қосқанда), Молдова – 250 (бұлардың басым бөлігі Гагаузияда, автономияда гагауз тіліндегі мектеп жоқ), Тәжікстанда – 200 (Ресей салып берген 5 мектеппен бірге, Хайастан мен Сакартвелоны қосқанда – 120, Түрікменстанда – 70 мектеп (таза орыс тілді).
USD




