ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қараша. Қызылорда облысында Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы – «Халыққа жақын» республикалық жобасы аясында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында тұрғындармен кездесулер және жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жобаның негізгі мақсаты – халықпен тікелей байланыс орнату, азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдау, оларды шешу жолдарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастыру.
Қабылдауға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, республикалық мобильді топ өкілдері,30-дан астам орталық мемлекеттік органдар мен салалық мекемелердің жауапты мамандары қатысты.
Халық Кеңесінің мүшелері еңбек ардагерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен кездесті. Онда Президент реформаларын жүзеге асырудағы қоғамның рөлі, халықпен байланыстың жаңа форматтары талқыланды. Жаңа консультативтік органның қызметі, негізгі міндеттері мен өкілеттіктері туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.
Кездесулерде «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілету, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және Президенттің биылғы Жолдауында белгіленген міндеттер, соның ішінде «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық жобасы кеңінен талқыланды.
Тұрғындардың сауалдарына қатысты жауапты сала мамандары түсіндірме берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін ұсыныстар тиісті уәкілетті органдарға жолдау және бақылауға алу үшін тіркелді.
Қабылдау барысында ауыл тұрғындарына жылжымалы медициналық кешеннің қызметі де ұсынылды. Заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған кешенде дәрігерлер кеңес беріп, УДЗ, ЭКГ және өзге де скринингтік тексерулер жүргізілді.
«Халыққа жақын» жобасы – көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ететін маңызды бастама. Мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік береді.

USD



