АЛМАТЫ. 16 қазан. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданын жұмыс сапары барысында аралап, «Алматы Тазалық» МКК-нің жаңартылған өндірістік базасына барды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шаһар басшысы арнайы техникаларды қарап, қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысып, кәсіпорын ұжымымен кездесті.
Аумағы 2 гектар жерді құрайтын өндірістік база Байсұлтанов көшесінде орналасқан. Мұнда 352 адам еңбек етеді және 66 арнайы техника, оның ішінде жолға қызмет көрсететін 14 әмбебап машина бар.
Кәсіпорын аумағында 12,5 мың шаршы метр асфальтбетон жабыны төселіп, көктайғаққа қарсы материалдарды сақтауға арналған алаң жабдықталған. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, базаның инфрақұрылымы жаңартылған.
Дархан Сатыбалды кәсіпорын қызметкерлерімен кездесу кезінде коммуналдық қызметтердің сапалы жұмысы жұмысшылардың еңбек жағдайына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын жасауымыз керек. Қажетті жағдай жасалмаса, жұмысты сапалы орындауды қалай талап етеміз? Ең алдымен, қаламыздың тазалығын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген адамдардың еңбегін құрметтеуіміз қажет», – деді Дархан Амангелдіұлы.
Қала әкімінің сапары барысында қала көшелерін күтіп ұстау, тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және коммуналдық қызмет көрсету сапасына ерекше назар аударылды.
«Тазалық бірінші орында тұруы керек. Тазалық, тәртіп пен көркейту қаланың жалпы келбетін қалыптастырады. Басқа елге немесе қалаға барғанда, ең алдымен, оның қаншалықты таза екеніне назар аударамыз. Бұл қоршаған ортаны қалай қабылдайтынымызға және оған деген көзқарасымызға әсер етеді. Тазалық жоқ жерде тәртіп те болмайды. Сондықтан бұл жұмыс тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек», – деді Дархан Сатыбалды.
Қала әкімі Мемлекет басшысы Алматыны ретке келтіру міндетін қойғанын да мәлімдеді. Сондықтан қаланы көркейту және тазалық сақтау жұмыстары тоқтаусыз жалғаса береді. Ал коммуналдық қызметтер бұл міндеттердің жүйелі әрі сапалы орындалуын толық қамтамасыз етіп тұруға тиіс.
Қазіргі таңда «Алматы Тазалық» кәсіпорнының автопаркінде 1 017 техника жинақталған. Қысқы тазалық жұмыстарына 830 техника қарастырылған. Оның ішінде жыл бойы пайдаланылатын 700 машина және қысқы жұмыстарға арналған 130 арнайы техника бар. Ал қалған 187 техника жаз мезгілінде қолданылады.
Биыл кәсіпорын қосымша 200 арнайы техника сатып алып жатыр. Соның нәтижесінде автопарк құрамындағы техниканың жалпы саны 1 217-ге жетеді.
USD




