АСТАНА. 27 қыркүйек. Мемлекет басшысы 14 сарбаздың өмірін жұлып кеткен Каспийдегі трагедияның салдарынан министр Дәурен Қосановты қызметінен алып тастады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Қосанов 2025 жылғы 8 маусымда Қорғаныс министрі болып тағайындалған еді.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға орын алды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Әуелгіде Қорғаныс министрлігі теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлаған болатын. Кейін Каспий теңізіне 17 әскери қызметші кетіп қалғаны, соңында үшеуінің аман шығып, 14-і қаза тапқаны аян болды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша Үкімет комиссиясы құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша, Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Осы уақытта қайғылы оқиға ауанында қаза тапқан сарбаздардың аты-жөндері жарияланды. Олардың бәрі енді екі аптадан кейін әскер қатарынан босағалы тұрғандары да айтылды.
Тап осы тұста Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың трагедияға орай журналист қойған сұраққа: «Қаза болса, енді қайтеміз» деген мағынада ыржалақтап, күліп тұрып жауап беріп жатқан видеосы да әлеуметтік желіге тарап кетті…
Ол кейінірек опат болған жауынгерлердің ата-аналары мен туған-туыстары алдарына барып, осы оқиға үшін тізерлеп тұрып кешірім сұрайтынын да білдірген еді.
Кеше Мемлекет басшысының Өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылды.
USD




