АЛМАТЫ. 25 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минуттық үнсіздік арқылы еске алумен басталған Алматыдағы «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумына қатысты. Бұл туралы Politico.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Форум басталар алдында оған қатысушылар Маңғыстау облысында орын алған қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды.
Осымен бір мезгілде Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсуде.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына, Президент Тоқаевқа, сондай-ақ Қазақстан халқына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы шетелдік әріптестеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде, Ақтаудан 43 шақырым жердегі Каспий жағалауында орын алған. Қолайсыз ауа райында «Қайсар» катерінен түсіп жатқан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінде іздеу операциясының аяқталғанын хабарлаған болатын. 25 қыркүйек күні таңертең жоғалған соңғы екі әскери қызметкердің денелері табылды.
Сонымен, кеше теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
USD




