ТЕРЕҢӨЗЕК. 16 қыркүйек. Қызылорда облысының Сырдария ауданында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиевпен кездесу өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тереңөзек кентіндегі «Руханият» орталығында өткен іс-шараға аудан мемлекеттік қызметшілері, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен қызметшілері, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесуде «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдалары төңірегінде сөз қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен мінез-құлық стандарттарын сақтау мәселелері түсіндірілді.
Ерлеген Меңдалиев сонымен қатар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның негізгі ережелері мен жаңашылдықтары жайлы баяндады. Бұған қоса, «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамаларының қоғамда жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік және заңға құрмет құндылықтарын қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Ерлеген Жәрдемұлы өз сөзінде бұл қағидаттарды күнделікті өмірде ұстанудың, құқықтық мәдениетті арттырудың және әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінің маңыздылығына назар аударды.
Іс-шара барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы шектеулер мен талаптар, сондай-ақ жаңа заң жөнінде сұрақтар қойып, оған тиісті жауаптар алды.
Департамент басшысы іс-шара соңынан азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

USD




