ҚЫЗЫЛОРДА. 24 тамыз. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елубай Әуезов 59 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Елубай Жұманұлы Әуезов 1967 жылы 7 қарашада Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылында туған. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын «Бесарық» ауылындағы №147 мектепте мұғалім болудан бастаған. Кейінірек Қызылордадағы «Қоғам ТВ» телеарнасына редактор болып ауысқан. Бұдан әрі Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясында шығармашылық әлеуетін жалғастырған, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі, облыстық «Ел тілегі» газетінің бас редакторы, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған.
Ақын Елубай Әуезовтің қаламынан туған туындылар әр жылдары «Мен таныған тылсым», «Түпсана жаңғырығы», «Жан азабындағы бақыт» деген жыр кітаптары болып баспа жүзінен шыққан. Сонымен қатар, оның өлеңдері Жыр тұғырым – тәуелсіздік», «Бесарық бастауы», «Сүйген жүрек», «Сырдың сырлы сандығы» секілді ұжымдық жыр жинақтарына енген. Бұдан бөлек, жергілікті композитор Мейрамбек Бектасовтың «Жаным менің», «Сырдария-жырдария», «Құдаша қыз» секілді әндерін мәтінмен көмкерген.
Иә, өмірінің соңғы кезеңдерінде келістіріп кестелеген жүрекжарды жырларының бірінде:
«Онсыз да білдірмеген бұғып үнін
Ақтарылсын ақынның сыры бүгін.
Мен өзі қыршын кеткен шаһиттердің
Сүрмеген ғұмырымын.
Бермейтін тәнге тыным, жанға тыным,
Шын шайырдың жалғыздық, арманы мұң.
Мен өзі кешегі өткен арыстардың
Аңсаған таңдарымын…» деп тебірене толғанған арқалы ақын, айбынды азамат арамыздан бақилыққа ерте аттанып кетіп бара жатыр. Алайда Жаратқанның жарлығына қарсы тұрар амал жоқ.
Осы қаралы оқиғаға байланысты Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы, Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық бөлімшесі марқұм Елубай Жұманұлының туған-туысқандары мен жақын-жуықтарына,жалпы қалың оқырман қауымға қайғырып көңіл қосын білдірді.
Қош бол, қарымды қаламгер, арынды ақын. Алла алдыңнан жарылқасын, Елубай бауыр!
USD




