АСТАНА. 23 тамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін берген брифингінде Үкіметтің ауысатынын, оның құрамында бірқатар өзгерістер орын алатынын ашық айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев брифингте журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Соның арасында Atameken Business телеарнасының тілшісі Саяна Санақова Мемлекет басшысына «Заңға сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатуға тиіс. Соған сай Министрлер кабинеті жасақталады. Жаңа Үкіметтің бағыт-бағдары мен міндеттері жөнінде не айтасыз?» деген сауал қойды.
«Жалпы, Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек», – деді Президент бұған өз жауабының бірінші бөлігінде.
«Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ, – деді ол бұдан әрі. – Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады».
«Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді, – деп осы ойды тереңдетті сосын Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс». Мемлекет басшысының пайымынша, бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Өйткені бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады.
USD




