КИЕВ. 16 шілде. Украина президенті Володимир Зеленський Қорғаныс министрі Михаил Федоровты ауыстыратынын жария етті. Бұл туралы «Украинская правда» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Украина бұқаралық ақпарат құралдары мұны Рададағы «Слуга народа» президенттік фракциясының депутаттарына сілтеме жасай отырып таратты.
Украина Президенті олармен кезекті кездесу кезінде жаңа Үкіметтегі Қорғаныс министрі қызметіне Ішкі істер министрі Игорь Клименконың кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеген.
«Би-Би-си» радио станциясының украин қызметі Мемлекет басшысының бұл шешімі Қорғаныс министрі Михаил Федоров пен Қарулы күштер Бас қолбасшысы Александр Сырскийдің арасындағы келіспеушіліктен туып отырғанын атап өтті. Президент бұл кикілжіңде бұлардың соңғысын таңдауға тоқталған.
Бейсенбі күні таңертең Украинаның Жоғарғы радасы алдымен жаңа Үкімет басшысының кандидатурасына, содан кейін жаңа министрлерге дауыс береді. Ал Юлия Свириденко бастаған алдыңғы Министрлер кабинеті 14 шілдеде отставкаға кеткен болатын.
Парламенттегі дауыс беру қарсаңында Володимир Зеленський «Слуга народа» президенттік фракциясының мүшелерімен кездесті. Онда ол, атап айтқанда, Украина Қорғаныс министрлігінің басшысы Михаил Федоровты ауыстыруды жоспарлап отырғанын айтқан.
«Украинская правда» басылымы өз мәнбелеріне сілтеме жасай отырып, Зеленськийдің депутаттарға министр Федоровтың Бас қолбасшы Сырскиймен ұдайы қақтығыста болып келгенін, ақырында бұл проблеманы шешу мүмкін болмай қалғанын баяндағанын жазды.
«Ол Федоровты да, Сырскийді де орындарынан босатқан дұрыс еді деді, бірақ дәл қазір ол мұны істей алмайтынын айтты», – деді кездесуге қатысушылардың бірі басылымға.
USD




